Түлектер тәжірибесі: ЖОО-ға қалай түсуге болады?
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2015, 2016 және 2018 жылғы мектеп түлектері 9-11-сынып оқушыларымен өткен кездесуінде Қазақстан және шетел университеттеріне түсу жайында ақпарат берді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Биыл Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі өзінің бес жылдығын атап өтті. Осы уақыт аралығында түлеп ұшқан 400-ге тарта мектеп түлектері бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде білімдерін жалғастыруда. Зияткерлер қазірде Қазақстанның ғана емес, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Гонконг, Мажарстан, Түркия, Германия және Чехия елдеріндегі беделді білім беру ұйымдарының үздік студенттері қатарынан көрініп жүр. Үш жылғы мектеп түлектерінің 90 пайызы білім беру гранттарының иегерлері атанды.
Түлектер кейінгі ұрпақпен студенттік өмірлеріндегі жеткен жетістіктерімен бөлісті. 9-11-сынып оқушыларымен өткен кездесуде мектептің бұрынғы түлектері қазіргі өздері оқып жатқан жоғары оқу орындарымен таныстырып, университетке түсу емтихандарының кезеңдері мен өткізу уақыты туралы ақпарат берді. Сонымен қатар грант бағдарламалары мен шетелде білім алу ерекшеліктері жайында жан-жақты түсіндірді.
Сондай-ақ, қонақтар жас талапкерлерге қазіргі уақытта ағылшын тілін білу қажеттілігі мен уақытты тиімді пайдалана білудің өзектілігіне тоқталды.
Ақпараттық-түсіндірме бас қосуда оқушылар мамандық таңдау мен жоғары оқу орнына түсуге бағытталған сұрақтарына жауаптарын алды.
Айтпақшы, биыл мектептен тағы 158 түлек түлеп ұшқалы отыр. Бүгінде олардың 50 пайыздан астамы Назарбаев Университетіне құжаттарын тапсыруды жоспарлауда. Биылғы түлектердің барлығы дерлік политехникалық және медициналық мамандықтарды таңдайды.