Шоқыну рәсімі кезінде шомылғанда абай болған жөн
Биылғы жылдың 18-19 қаңтар аралығында облыста христиандық шоқыну «Крещение Господне» мейрамы өтеді. Діни наным бойынша христиан дінінің өкілдері шоқыну рәсімін жасау үшін су айдындары мен дарияларда шомылады. Осыған орай, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары да қолға алынбақ, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов мәлімдеді.
Облыс бойынша мұз ойығы 3 жерде орналасады. Ол Қызылорда қаласы шіркеу аумағында және III ірілендірілген квартал маңындағы Сырдария өзенінде, сондай-ақ Арал ауданындағы Қамыстыбас көлінде. Онда арнайы орындар белгіленіп, су алушылар мен суға түсушілерге басқыштар дайындалды. Сол күні тәулік бойы «Апаттар медицинасы орталығы» Қызылорда облысының филиалы және Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инспекторлық құрамымен бірлесіп, кезекшілік ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, еріктілер де жұмылдырылады.
«Тұрғындар құтқару жасағы мен медициналық қызметкерлерсіз шомылуға, ата-анасының немесе ересектердің қарауынсыз балалардың шомылуына, мас күйінде шомылуға, өзімен бірге иттерді және басқа да жануарларды алып келуге болмайды. Ал, ойықта 1-2 минуттан артық тұрмау қажет», - деді Б.Ембергенов.
Айта кету керек, былтырғы жылы шоқыну рәсімін жасау кезінде 50 адам шомылған. Қайғылы оқиға тіркелген жоқ.