Қадырқұл ишан есімі көмескіленіп барады
Бірде Қармақшы ауданына барған сапарымды Жосалы кенті орталығында тұратын қадірлі туысқан інім Тұрманның үйінде қонақта болып, дастархан басында отырған кезімде бұған дейін де осы өңірге әрбір келген кезімде Бекмат есімді жігіт кездесіп, өзінің бабасы Қадырқұл ишан туралы айтқаны бартын. Менде нақты жауап айтпай, елге барғасын көрермін, – деп кететінмін. Міне, бүгін де сол Бекмат менің Тұрман үйінде отырғанымды естіп, іздеп келіп, бұрынғы өтінішін қайталады.
Содан елден Алматыға қайтқан соң Бекматтың айтқан деректерімен түрлі жазбаларды ақтардым. Аманат жолын орындаудың мүмкіндігін қарастырдым. Бірнеше көнекөз қариядан сыр тарттым. Олардың әңгімесінен Қадырқұл ишан Оразмағанбетұлының Қармақшы өңірінде өмір сүрген, діни сауаты мол әрі әулиелік және емшілік қасиетімен Сыр өңіріне танылған адам болғанын, тіпті талай дарын иелеріне өмір сыйлаған қасиетті Ақтайлақ кезеңі мен Томарбөгет маңында халықтың жәрдемімен салынған мешітте Кеген руының бірсыпыра баласын оқытып, оның ішінде даңғайыр ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтың діни сауатын ашқандардың бірі болғанын білдім. Ол Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде 7 жыл бойы діни біліммен сусындап, туған елге оралған соң ауыл мешітінде бала оқытқан. Кейін келе сол мешіт халықтың ұйғарымымен «Қадырқұл ишан» мешіті боп аталып кеткен. Осы мешітте 1890-1900 жылдарда туған сол ауыл мен оның айналасындағы елді мекендердің балалары діни сауатын ашса керек. Олардың арасынан талай оқымысты шығып, ел басқарған.
Қадырқұл ишан мұсылмандықтың басты парызын өтеу мақсатында 1900-1903 жылдар шамасында Меккеге қажылыққа барып, ұлт данышпаны Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге қажылық рәсімді орындаған. Қадырқұл ишанның баласы Ахметтен тараған Шәкизада 1940 жылы Меккеге қажылыққа барғанда қаладағы қонақ үйдің қабырғасынан Құнанбай қажы, Аппаз Мырқы мен Қадырқұл ишанның есімі жазылғанын көреді.
Қадырқұл ишанның жоғарыда әулие, емші болғанын айтып өттік. Ол жүйке ауруына ем іздеп келген науқастарды өзі бала оқытқан мешіттің жанында өсіп тұрған жыңғыл дарағын айналдыра шыбықпен қуып емдеген екен. Көнекөз қариялардың айтуынша сол дарақтың астынан жолбарыс шығып, науқастардың көзіне Қадырқұлдың әруағы болып көрінеді екен.
Діни атақтар кез келген адамға беріле бермейтіні белгілі. Қадырқұлдың есіміне «ишан» атағының қосылып айтылуы тегін болмаса керек.
«Ахун» ұрпақтарын «мақсұм», – деп атаса, «Ишан» – халық арасында сауат ашу, ғибадат айтатын адамдарға берілетін атақ. Ишан болу – атадан балаға өтілетін мұрагерлік іс болып табылады. Олай болса Қадырқұлдың әкесі Оразмағанбет те діни сауатты, ишан болғанға ұқсайды. Қармақшы өңірінде атақты Марал ишанның ұрпақтарының барлығы дерлік «ишан» атанған. Тіпті, ауылдарын «Ишан ауылы» деп те атайды. Демек, ишандық атақ қасиетті атақтың бірі.
Қадырқұл ишан – өтірік айтуға қарсы, діни ілімді жоғары қоятын заманының керемет тұлғасы болған. Ол өзінің әрбір сөзінде «Бәрі де бір Алланың ісі», – ғой деп отырады екен. Шәкірттеріне тек діни (мұсылмандық) біліммен қатар, қазақ халқының ауыз әдебиетінен де қисса-дастандар оқып, әңгіме айтқан екен. Жалпы ол кісі, дінді қазақ халқының салт-дәстүрімен байланыстыра оқытса керек.
Байсары (Кете) бабамыздан тарайтын Жанбақты ұрпағы Сүйіндіктен бастау алады. Сүйіндіктен – Қорғанбай, одан Оразмағанбет туған. Қарақұл ишан осы Оразмағанбеттің баласы. Қадырқұл мен Қадырмәмбеттен тараған ұрпақтар бүгінде бір қауым ел.
Қадырқұл ишанның есімі мен оның өнегелі өмір жолын Ақтөбе өңірі тұрғындары да жақсы білген. Ишан сол аймақта мешіт ұстап, бала оқытқан. 1925 жылы ол туған елге оралып, Ислам дінін Қармақшы өңірі халқына кеңінен таратқан діни қызметкер. Ол өзінің өмірлік серігімен бірге 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Бірақ, өзі өмірден өткен соң, оның мешітін кеңестік өкімет белсенділері мал ұстайтын қораға айналдырып, кейіннен сол қора ішіндегі малымен бірге өртеніп кеткен. Ишан ұрпақтары арасында ұлы Махамбет әке жолын қуып, дін жолында қызмет еткен. Ол діни ғұлама Садық ахунның қызына үйленіп, ұрпақ сүйген.
Сыр сүлейі Нұрымбетсары Шегебай Бектасұлы өзінің жыр-термелері арасында арнайы Қадырқұл ишан туралы атап өткен. Өнегелі өмір жолымен туған халқының есінде жатталып қалған Қадырқұл ишан Оразмағанбетұлы көнекөз қариялардың айтуынша, 1850-1851 жылдары шамасында сол кезеңнің ұрпақтарының діни сауатын ашуға арнап ашылған мешіті маңында туған. Ал, 1874-1875 жылдар шамасында «Ақтайлаққа» барып, мешіт ұстаған. Діни қызметін 1927 жылға дейін атқарып, байларды тәркілеуге бет алған тұста басын бағып, Ақтөбе өңіріне қоныс аударған. Ишанның мүрдесі қазіргі Алға ауданындағы Табантал-Борлы деген өзек бойындағы Сарытөбе деген жерге жерленген.
Ширек ғасырдан астам уақыт ауыл балаларына мұсылмандық жолды үйре-тіп, рухани нәр берген Қадырқұл ишан Оразмағанбетұлының қысқаша өмір жолы осылай.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф
зерттеуші, этнограф