Аралдың балығы Қытай, Литва, Украина елдеріне экспортталуда
Қызылорда облысында өткен жылы 8 477 тонна балық ауланды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Шәменов айтып өтті.
«Өздеріңізге белгілі, Кіші Арал теңізінің қалпына келуі облыста балық шаруашылығы саласын дамытуға зор мүмкіндіктер жасады. Балық аулау көлемі соңғы 5 жылда 36 пайызға өсіп, 2018 жылы облыста 8 477 тонна балық ауланды. Балық өңдеу көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 4 пайызға өсті», - дейді Бауыржан Шәменов.
Осыдан 5 жыл бұрын Аралда тек 4 балық өңдеу зауыттары болса, қазіргі таңда, облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан астам 8 балық өңдеу зауыттары жұмыс жасауда. Балық өңдеу зауыттарының 4-уінде Еуропалық сапа стандартына сәйкестігін растайтын «Еврокод» саны бар. Сонымен қатар 2017 жылмен салыстырғанда балық өнімдерінің экспортының көлемі 11 пайызға өсті.
Бауыржан Шәменовтың айтуынша, өткен жылы балық өнімдері Қытай, Литва, Украина мемлекеттеріне бірінші рет экспортталған. 2017 жылмен салыстырғанда, Ресей Федерациясына экспорт көлемі 2 есе (1 103-тен 2 401 тоннаға) көбейіп отыр.
«Негізінен экспортқа - көксерке балығының сүбесі және қатырылған, мұздатылған балық өнімдері сұранысқа ие», - дейді басқарма басшысының орынбасары.
2017-2022 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өңірлік бағдарламасына тауарлы балық өсіру шаруашылықтарды дамыту шаралары енген. Осы бағдарламаға сәйкес 2022 жылы тауарлы балық шаруашылықтардың саны 30-ға дейін және өндірілетін балық көлемі 477 тоннаға жеткізілу жоспарлануда.