Қызылордада жекешелендіруге жататын 15 нысан белгілі болды
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Мемлекет Басшысының ерекше бақылауындағы мәселе - 2020 жылға дейін жекешелендірілетін ұйымдарды бәсекелестік ортаға беру жұмыстарын тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтау тапсырылған болатын. Осыған сәйкес ұйымдарды сату кестесі қайта бекітілді.
"Жалпы Жекешелендірудің кешенді жоспары шеңберінде облыста жекешелендіруге жататын 15 нысанның тізбесі белгіленіп, оның 8 нысаны 379,4 млн. теңгеге жекешелендірілді. Оның ішінде 3 нысан коммуналдық меншік бойынша – «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы», «Арал қалалық шаруашылық жүргізу құқындағы көпсалалы коммуналдық кәсіпорны», «Қызылорда облысының аумақтық мемлекеттік жекешелік әріптестік орталығы», 5 нысан «Байқоңыр» ӘКК бойынша – «Жаңақорған шипажайы», «Жан-Арай Жем», «Қызылорда құс фабрикасы», «Арал балық өңдеу зауыты», «КазРос Инновация» ЖШС", - деді Қ.Ысқақов.
Сонымен қатар, 6 нысан таратылды. Олар «Нұрсәт» теннис орталығы», «№ 2 қалалық емхана», «Сырдария» балалар сауықтыру лагері», Евразия спорт кешені, «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС, «Агро Холдинг Байқоңыр» ЖШС. Ал, «Қорқыт ата» әуежайы» АҚ тізімнен алынып тасталды.