ҚЫС МЕЗГІЛІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ ЖАЙЛЫ ЕСКЕРТТІ
Тәжірибе көрсеткендей, су айдындарында адамдардың қайғылы оқиғаларға тап болуы, негізі халықтың қауіпсіздік ережелерін ескермегендігінен болып жатады. Сондықтан ел арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу құтқарушылар үшін басты міндет.
Осы мақсатта Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының құтқарушылары Шиелі және Арал аудандарында балықшылар мен орта мектеп оқушыларының арасында алдын-алу профилактикалық шараларын өткізді.
Іс – шара барысында құтқарушылар қыс кезеңінде су айдындарындағы қарапайым қауіпсіздік ережелері жайлы айтып, төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндірді.
Құтқарушылар қатпаған мұзға шығудың қатерлі екендігін балалардың есіне салып, оқыс жағдайға тап болған жанды құтқару қимылдарын тәжірибе жүзінде көрсетті.
Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының құтқарушылары еш уақытта жұқа мұзға шығуға және оның қалыңдығын аяқпен теуіп тексеруге болмайтынын ескертеді. Бұл үшін таяқшаны қолдану керек, мүмкін болса мұзға шықпаған жөн, бұл әсіресе балаларға қатысты.
Бұдан басқа, мұзда үлкен топтасып жиналуға, секіріп, жүгіруге тыйым салынады.
Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы