Жастар мәселелері мен оның шешілу жолдары талқыланды
«Жастар жылы» аясында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылар арасындағы өзекті мәселелер бойынша TEDx конференциясы өткізілді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Конференцияға 11 сынып оқушылары қатысты. Жас жеткіншектер өздерінің ізбасарлары 7-9 – сынып оқушылары алдында «Жалқаулықты қалай жеңуге болады?», «Сіздің өміріңізді өзгерте алатын таңертеңгілік әдеттер», «Өз-өзіне деген сенімділік», «Суицидтің алдын алу жолдары», «Цирк-жануарлар үшін көңілді емес», «Көше өнері» мен «Ғаламтор сізді бақылап отыр»тақырыптар бойынша баяндамаларын жасады.
Әлия Тәжібаева жұмыстарды кейінге қалдыруға қарсы күрес туралы өз ойын білдірді. «Оқушылардың көпшілігі өз істері мен уақыттарын дұрыс ұйымдастырмайды, - дейді қатысушы. – Бүгінгіні кейінге қалдырудың қажеті жоқ». Әлия жұмысты лайықты еңсеруге және оқушыларға уақытты ұтымды пайдалануға көмектесетін іс-әрекеттердің мерзімділігі мен оларды орындау уақыттарын тиімді бөлу кестесін құрып, оқушыларға ұсынды.
Аққу Шайхыбектің баяндамасы «Қалай өз-өзіңе сенімді болуға болады?» тақырыбына арналды. Оқушы кез келген табыстың ең алдымен сеніммен байланысты екенін айтты. Спикер өзіне сену қабілетін дамыту бойынша кеңестер берді. «Мен осы мектепке алғаш рет келгенде барлық бастамада күш-жігеріме сенімсіз болдым, – дейді Аққу. – «Күн сайын сенімділікке арналған аутотренинг жаттығуларын жасап, алдыма мақсат қойып, өз-өзімді ынталандырып, аталмыш қасиетке ие болдым».
Конференцияда барлығы 8 қатысушы баяндамаларын жасады. Берілген 6 минутта оқушылар қызықты тақырыптар төңірегінде тың жобаларын ұсынды.
«Конференция Жастар жылына арналды, – деп түсіндірді жоба жетекшісі, педагог-ұйымдастырушы-куратор Гүлфайруз Базарбаева. Жас өрендер жастар арасындағы өзекті мәселелерді шешудің ерекше әрі бірегей жолдарын ағылшын тілінде жеткізіп қана қоймай, өздерінің шешендік өнерлері мен тіл шеберліктерін байқатты».
Конференция қорытындысы бойынша Аққу Шайхыбек бірінші орынды, Әлия Тәжібаева екінші орынды иелемденді. Гүлмарал Кеңесбек және Ғайни Мұхтарқызы жүлделі үшінші орынды бөліп алды.
TEDx жобасы Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі 2013 жылдан бастапжүргізіліп келеді.Бұған дейін конференцияларда әлеуметтік мәселелер, хобби, ғылым, өнер, мәдениет, бизнес т.б. тақырыптар бойынша 100 жуық қызықты баяндамалар тыңдалды.