Қызылордалық оқушылар Гонконг білім беру университетінің өкілдерімен кездесті
Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Гонконгтың білім беру университетінің өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Кездесуге 9-12 сынып оқушылары мен мектеп мұғалімдері қатысты. Университеттің халықаралық жұмыстар бойынша менеджері Жасмин Мэн жиналғандарға білім беру бағдарламасы туралы, мамандықтар мен бакалавриат, магистратура мен докторантураға түсу кезеңдері жайлы баяндады.
Осы университеттің психология факультетінің бірінші курс студенті Мария Лыкова университеттегі студенттік өмірі мен шетелдегі оқу ерекшеліктері жайында қызықты ақпараттармен бөлісті. Алматыдағы мектеп-лицейден түлеп ұшқан бойжеткен шетелге оқуға түсу үшін ағылшын тілін меңгерудің аса қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ өз тәжірибесі негізінде Гонконгтағы жоғары оқу орнында грант негізінде тегін білім алуға қол жеткізудің мүмкіндіктерімен таныстырды.
Оқушылар мен мұғалімдер шетелдегі жоғары білім берудің ерекшеліктері бойынша қойылған түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап алды. Университет мамандары жоғары сынып оқушыларына ақпараттық кітапшалар таратып, оқуға қабылдау кезеңі жайлы ақпараттар берді.
Айта кетейік, Гонконгтың білім беру университеті – педагогикалық білімдер мен қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша білікті мамандар даярлайтын мемлекеттік жоғары оқу орны. Әлемдегі үздік ЖОО-ы рейтингісі бойынша білім саласында EduHK-бірінші, Азияда – екінші, ал әлемде тоғызыншы орында тұр.