Аудан кәсіпкерлерінің қатары артып келеді
2018 жылы кәсіпкерлік саласында іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда қала және аудандар белсенділік танытты.
Бұл туралы Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Мәселен, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде Арал ауданы 1 млрд. теңгеге 16 жоба және Жалағаш ауданы 459 млн. теңгеге 9 жоба шығарып, белсенділік танытты. Бағдарлама аясындағы жалпы несие портфелінің 73 пайызы Қызылорда қаласымен шығарылған», - деді А.Досжанов.
Сондай-ақ, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша Сырдария ауданынан 167 кәсіпкер, Жаңақорған ауданынан 164 кәсіпкер және Қармақшы ауданынан 148 кәсіпкер шағын несие алуға белсенді қатысты. Бағдарлама аясында шағын несиелер беру үшін бөлінген қаражаттың 569,3 млн. теңгесін Жаңақорған ауданы алып, алдыңғы қатарды иеленді.
Көрсетілген мемлекеттік қолдаулардың арқасында облыста 14 мыңнан аса азамат тұрақты жұмыс орындарымен қамтылған.