Қырымбек Көшербаев қызылордалық полицейлердің жұмысына халықтың көңілі толмайтынын айтты
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың халық алдындағы есеп беру жиынында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев «Бәйтерек» мөлтек ауданында ұрлықтың жиілегенін айтты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Тұрғын үй құрылысы үшін жасалған «Бәйтерек» мөлтек ауданының инфрақұрылымына 9,2 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда мұнда ұрлық көбейген. Аймақ басшысының айтуынша, кейде ұрылар құрылыс мердігер компанияларының күзетшілеріне де дес бермейтін көрінеді. Осы орайда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жергілікті полиция қызметі мұндағы ұрлықтың алдын алып, қадағалауы қажеттігін баса айтты.
Сонымен қатар аймақ басшысы бұл жиында қаланың құқық қорғау органдарының жұмысын сынға алды.
«Өкінішке қарай, айта кету керек, қоғамдық тәртіп сақтауда полицияның жұмысына халықтың көңілі толмайды. Тұрғын үйлердің кіре берістерінде темегі шегіп ластау, көліктердің балалар ойын алаңында, жаяу жүргіншілер жолында тұруы арнайы көліктердің өтуіне бөгет болып жатқандығы туралы шағымдар айтылуда. Яғни, жедел жәрдем, өрт сөндіру және тағы да басқа көліктер үй аулаларына кіре алмайды деген сөз. Жергілікті полиция нәтижелі рейд жұмыстарын жүргізбейді. Ереже бұзушыларға әкімшілік кодекстің нормаларын қолдану және қоғамдық тәртіп бұзғандарды қайталағандарды қатаң жазалау бойынша шаралар қабылданбайды», – деді облыс әкімі.
Осы орайда аймақ басшысы қалалық полиция басқармасы мен учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысын күшейту және қала әкімдігі пәтер иелерінің кооперативімен бірлесіп қала аулаларын тәртіпке келтіруді тапсырды. Сонымен қатар жергілікті атқару органдары полицияның қызметіне көмектесуге және тиісті талап қоюға міндетті екенін жеткізді.