12 ақпан: атаулы күндер мен оқиғалар
1955 жылы Қызылорда облысында Байқоңыр ғарыш айлағын салу туралы шешім қабылданды. Осы ғарыш айлағынан алғашқы жасанды спутник және тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин ұшырылды.
2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің штаттық саны мен құрылымы туралы» Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы өз Әкімшілігіне ел Президентіне қарайтын құқық қорғау органдары мен ұйымдарында әкімшілік реформалар жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындауды Президент Әкімшілігі өз құрылымын қайта құрудан және штат санын қысқартудан бастады. Президент Әкімшілігінің қызметін жетілдірудің негізгі мақсаттары: Президент Әкімшілігінің бөлімдері арасында функцияларды оңтайландыру және нақты бөлу; құрылымды заңнамамен белгіленген нормаларға сәйкестендіру; Президент Әкімшілігіне тән емес қызметтерді тиісті мемлекеттік органдарға беру; басқарма деңгейін және басқару аппаратын қысқарту; құрылымдық бөлім басшыларының жауапкершілігі мен дербестігін арттыру болып табылады.
2009 жылы Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кресло-коляска шығаратын зауыт іске қосылды. Зауыт «Қазақстанның мүмкіндігі шектеулі жандар конфедерациясы» және немістің «Майра» фирмасы көмегімен елорда әкімшілігінің қолдауымен жұмыс істейді.
2011 жылы Астанада ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің алғашқы форумы өтті.
2013 жылы Астанада Қазақстанда машина жасау және металл өңдеуді дамыту бойынша қазақстандық-чехиялық технологиялық орталық ашылды.