Сырдария ауданының білім саласында жарқын жетістіктер көп
Сырдария ауданында бiлiм сапасын арттыру бойынша жүргiзiп келе жатқан жұмыс өз нәтижесін беруде, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Өткен жылы ұлттық бірыңғай тестке қатысқан ауданның 216 мектеп бітіруші түлектердің 180-і мемлекеттік білім беру грантын иеленіп, 83,3 пайызбен облыс бойынша 1 орынға ие болды.
Қалған мектеп бітірушілер облыс әкімінің грантына және ақылы негізде оқу орындарына түсіп, нәтижесінде барлық бітірушілер 100 пайыз оқу орындарына түсті.
2018 жылы 20 оқушы «Алтын белгі», 11 оқушы «Үздік аттестат» иеленді. Инновациялық мектеп лицейлердің желісін көбейту мақсатында №129 Ә.Жәмішев атындағы орта мектебіне мектеп-лицей статусы берілді.
2017-2018 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңіне ауданнан 16 оқушы қатысып, 11-і жүлделі орын алып, аудандар арасында бірінші орынға ие болды. Мұндай жоғары көрсеткіштерге жетуіміз аудан орталығындағы «Жалын» тынығу лагерінің жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп, балаларды олимпиада резервтерімен, ғылыми жоба жұмыстарына және ұлттық бірыңғай тестке дайындауға үлкен мүмкіндік жасалғаны әсер етті.
Мектептердің материалдық инфрақұрылымын күшейту және жаңа технологиялық білім мазмұнына жете көңіл бөлу мақсатында 2018 жылы 83 млн. 289 мың теңге қаржыға физика, химия, биология, робототехника, 3д (три д) лаборатория, цифрлы білім беру кабинеттері алынды.
Аудандағы №129 Ә.Жәмішев атындағы орта мектеп директоры Жанболат Назаров Астана қаласында өткен «Үздік директор - 2018» сайысының жүлдегері атанып, облыс және ауданның жыл қорытындысы бойынша «Ең шығармашыл директор» номинациясымен марапатталды.
Сонымен қатар №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің «Жас жол инспекторлар» командасы Ресей мемлекетінде өткен ТМД елдері арасындағы сайыста жүлделі 2 орын иеленсе, №35 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Ахметов Дамир спорттың тоғызқұмалақ түрінен Чехияның Прага қаласында өткен халықаралық дәрежедегі сайыста жүлделі І орын иеленді.
Қазақстан Республикасы Президентінің дәстүрлі Жолдауын насихаттау мақсатында №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектептің жас мұғалімдерінен құрылған «Кемел болашақ» үгіт бригадасы облыстан бас жүлде жеңіп алып, Ақмола облысындағы «Жұмбақтас» шипажайына тегін жолдама берілді.