Назарбаев зияткерлік мектебі «Болашақ» университетімен байланыс орнатты
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры мен «Болашақ» университетінің ректоры өзара әріптестік-ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Алдағы уақытта мекемелер білім, тәрбие, ғылым және зерттеу қызметін дамыту және жетілдіру бағытында біріккен жұмыстар атқаратын болады.
«Болашақ» университетінің ректоры Қуаныш Дауренбеков бастаған оқытушы-профессорлар тобы алдымен Зияткерлік мектептің жұмысымен танысты. Мектеп директоры Бахыт Жұматай қоңақтарға оқушылардың жетістігі мен түлектердің табысы және мектептегі білім бағдарламасы туралы жалпы ақпарат бере отырып, Қорқыт Ата атындағы университеттің қолдауымен ашылған «Экология» кабинетін, мектептің медициналық көмек көрсету орталығын, жатақхана мен асхананы және мәжіліс залды аралатты. Сондай-ақ, қонақтар оқушылардың ескіндеме суреттері қойылған шығармашылық көрмесін тамашалап, мектептегі тәрбиелік маңызы бар жобаларды көрді. Жас ғалымдардың микробиологиялық синтез, гендік инженерия, криминалистика, медицина және өрт сөндіру саласында тәжірибелер жүргізуге мүмкіндік беретін биотехнология мен нанотехнология кабинеттерінде болып, мүмкіншіліктерін байқады. Университет ұжымы заманауи үлгіде жабдықталған кітапханада да болып, 27 мыңнан астам қазақ, орыс және шетел жазушыларының кітап қорымен танысты. Содан соң, тілдік және жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша зияткерлік мектеп мұғалімдерінің жүргізген сабақтарына қатысып, оқыту үдерісінің ерекшеліктерін бақылады.
Шара соңында мектеп әкімшілігімен жүздесіп, екі мекеме басшылары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Болашақ университетінің ұжымы оқушылардың жобалық жұмыстарын бірлесіп жүргізу, элективті курстар өткізу және оқушылардың жас ғалымдар кеңесінің жұмысына тарту секілді ұсыныстарын білдірді. Өз кезегінде мектеп басшылығы барлық бастамаларды қолдауға әзір екендігін жеткізіп, университеттің үздік студенттерін мектепке педагогикалық тәжірибеге шақыру, шетелдік мұғалімдер мен студенттер арасында қарым-қатынас орнату және ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша тәжірибесімен бөлісу сияқты жоспарлар туралы айтты.