Қызылордада сақшылар көпқабатты үйде терезе алдында отырған баланы құтқарды
Қызылорда қаласында учаскелік полиция инспекторлары көпқабатты үйдің терезесі алдында тұрған үш жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz
ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аталмыш оқиға Қызылорда қаласындағы «Шұғыла» мөлтек ауданында болды. Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығының 102 телефонына белгісіз бір азаматша хабарласқан. Ол көпқабаты үйлердің бірінде екінші қабаттың темір торсыз қоршалмаған терезе жақтауында бүлдіршіннің отырғандығын айтқан.
«Хабарлама алғаннан кейін осы аймақтың учаскелік полиция инспекторлары оқиға орнына дереу жетті. Олар тормен қоршалмаған ашық тұрған терезе алдында отырған баланы көреді. Полиция аға лейтенанты Жасұлан Сарбалаев газ құбыры арқылы жоғары өрмеледі. Нәтижесінде ашық терез алдында отырған баланы пәтерге алып түсті. Бұл уақытта Бауыржан Алдаберген көршілер арқылы баланың ата-анасын анықтап, оларға дереу телефон арқылы хабарласты. Сол уақытта баланың анасы жұмыста болса, әкесі есік алдындағы дүкенге шығып кеткен екен», - деп хабарладады Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мамандары.
Осылайша учаскелік полиция инспекторларының жедел іс-қимылының арқасында үш жастағы бала құтқарылды. Ол ата-анасына аман-есен табысталды. Бұдан бұрын Қызылорда облысында адасқан адам құтқарылғанын хабарлаған едік.