Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЭКСПО-ға келіп, қазақтан сәби сүйген африкалық әйелдің өмірі қалай өзгерді

ЭКСПО-ға келіп, қазақтан сәби сүйген африкалық әйелдің өмірі қалай өзгерді

Конго азаматшасы Моника Камукендж Камганза ЭКСПО-2017 кезінде Қазақстанға келіп, қазақтан сәби сүйіп, осында қалу үшін барын салып жатыр. Наурыз айының басында африкалық әйелге босқын мәртебесін бере ме, әлде отанына қайтарып жібере ме – белгілі болады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Қазір Моника қызы Блессинг-Машамен бірге Ана үйінде тұрады.
Жаңа өмір
Елордалық Ана үйінде Моника мен қызынан басқа 16 ана мен бала тұрады. Екі қабатты зәулім үйдің тұрғындарының бәрі тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандар. Бірақ әрқайсысы бұл үйді алты ай ғана паналай алады.
Мекеменің өз тәртібі бар екен. Таңғы тоғызда ұйқыдан тұрып, таңғы ас ішеді, кейін аналар балаларымен серуенге шығады, содан соң түскі ас ішіп, балаларды ұйықтатады. Әрі қарай ақыл-ойды дамытатын ойындар ойнатып, сағат 11-ге дейін кешкі ас ішіп, ұйқыға жатады. Үй тұрғындары кезектесіп ас әзірлейді, үй жинайды. Сонымен бірге, аналар мен балаларды күн сайын медбикелер мен психологтар бақылап отырады екен.
Мамандар мен халықтың қолдауы біздің кейіпкерімізге жақсы көмектескен. Бірінші сұхбаттан бері төрт ай өтті. Моника қатты өзгеріп кетіпті: ұзын, өрілген шашын қиып, артық салмақтан арылған. Ең бастысы, ол бұрынғыдай қайғы-мұңға беріліп, көз жасын көлдетпейді.
"Бұрын үнемі күйзеліп жүретінмін, бәрін ойлап уайымдайтынмын. Қазір жанашыр адамдардың қамқорлығын сезініп, жаман ойдан бойымды аулақ ұстаймын, Қазақстанда қалуыма рұқсат береді деп сенемін", - дейді Моника.
Осы азғантай уақыт ішінде африкалық әйел тілдерді де меңгеріп қалыпты. Қазір қазақша, орысша жақсы түсінеді, білгенінше жауап береді.
Кішкентай Блессингтің алғашқы сөзі "Да" болуы да таңғаларлық жайт емес. Бөбек "Не болды, Маша?" деп сұраса, кәдімгідей ым-ишара танытып, жауап бергендей болады.
Конголық әйел қазақстандық келіншекке айналды
Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат жоқ болса да, Моника қол қусырып отырған жоқ. Қазақстандықтар арасында кең таралған тағам түрлерін әзірлеуді үйреніпті. Әсіресе әртүрлі көже мен палауды дәмді пісіреді.
Қазір Моника мен Блессингке құжаттарды ресімдеу үшін көмек көрсетіліп жатыр. "Қорғау Астана" қоры мен адам құқығы бюросының заңгерлерінің арқасында Блессинг-Маша туу туралы куәлік алыпты. 16 жасында Қазақстан азаматының төлқұжатын жасата алады.
Бірақ Мониканың құжаттарын жасау қиынға соғып тұр. Ішкі істер министрлігі босқын мәртебесін беруден бас тартқан, қазір бұл шешімге түсірілген шағым қаралып жатыр. 8 наурыздан кейін конголық әйелдің тағдыры шешіледі. Тағы бас тартылса, Жоғары сотқа арыз бере алады.
Жас ананың аңсаған арманы
Африкалық әйел құжаттарын ресімдеп, жұмысқа шығуды армандайды. Бірақ енді мерекелік шараларда би билеп, нәпақа табуды ойлап жүрген жоқ. Моника болашақта аспаз немесе бала күтуші болғысы келеді.
Қазір Моника мен қызы ең қажетті заттарға мұқтаж. Әйелдің табыс табуға заңды құқығы жоқ болған соң, қайырымды қазақстандықтар киім-кешек, баланың күтіміне қажетті керек-жарақпен қамтамасыз етіп отыр.
Моника Конгодағы туыстарымен арақатынасын үзген. Бірақ тілшілердің арқасында туыстары бәрін естіп біліпті. Ал сәбиінің әкесі бұл оқиғаның БАҚ-та кең таралғанына қарамастан Моникамен хабарласпаған.
Африкалық әйел Қазақстанға қалай тап болды
27 жастағы конголық қыз Астанаға ЭКСПО-2017 кезінде жұмыс істеуге келген, алайда Қазақстанда жүріп-тұруына рұқсат беретін құжаттарды жасатуды қиындыққа тап болады. Сөйтіп жүргенде, әйел қазақтан сәби сүйіп, нәрестесі екеуінің барар жер, басар тауы қалмай, шарасыз күйге түскен.
Жанашыр адамдар Мониканың босануының ақысын төлеп, африкалық әйел Блессинг есімді қызымен "Қорғау Астана" қорының қамқорлығында болады. 2019 жылдың басынан бері ана мен бала елордалық Ана үйінде тұрып жатыр.
02 наурыз 2019 ж. 537 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области