"Қайсар" жаңа маусымға дайындалуда
Кеше команданың жаңа киім үлгісінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев командамен кездесіп, жаңа ойын маусымында сәттілік тіледі.
"Сәуір айында орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтап, содан кейін "Локомотив" стадионын күрделі жөндеуден өткіземіз. Біз - үш кәсіби футбол лигасында өнер көрсететін командалары бар елдегі аз ғана облыстардың біріміз. "Қайсар " - Премьер - Лигада, "Байқоңыр" – бірінші лигада, «Қайсардың» жастар командасы - екінші лигада. Бұл жас футболшылар үшін кезең - кезеңімен ең беделді деңгейге көтерілу үлгісі, ал біз үшін - аймақтың басты командасы мен ел құрамасындағы жергілікті жігіттердің санын барынша арттыру мүмкіндігі", - деді аймақ басшысы.
Естеріңізге салайық, өткен жылы "Қайсар" алға қойған межелі мақсаттарды орындап, чемпионаттың қорытындысы бойынша 5-орынды иеленді. Ал "Байқоңыр" командасы бірінші лига командалары арасындағы біріншілікте сәтті өнер көрсетті.
Кездесу барысында "Қайсар" ойыншыларының жаңа киім үлгісі таныстырылды.
Қазіргі таңда облыста жастар арасында бұқаралық спортты дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. "Қайсар" футбол клубының базасында қыздар үшін футбол секциясының ашылуы жағымды жаңалық болды. Қызылорда облысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында әлеуметтік нысандарды салу көлемі бойынша жетекші орында тұр, оның ішінде көптеген спорт нысандары да бар.
Сондай-ақ, аймақ басшысы жаңа маусым алдында жөндеу жұмыстары жүргізілген "Евразия" спорт кешенін аралап көрді.