ҚАЛДЫҚ ӨҢДЕУДІҢ ТЫҢ ТӘСІЛІ ТАБЫЛДЫ
Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары мұнай қалдықтарын өңдеудің тың әдісін тапты. Өндіріс кезінде құбыр бойында қалып қоятын мұнай қалдықтарынан қайтадан тауарлы мұнай алудың тиімді жолын ұсынып отыр, деп хабарлайды khabar.kz.
Жоба ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру байқауында үздік деп танылып, грантқа ие болды. Енді оны бизнес серіктестік пен ғылым қоры бірігіп қаржыландырмақ. Қазір Германияда бағасы 420 миллион теңге болатын арнайы қондырғы жасалуда. Бұл аппарат сағатына 5-20 текше метр қалдықты өңдеп, құрамындағы 95 пайыз мұнайды бөліп алады.
Жалпы өндіріс барысында пайда болатын мұнай қалдықтарын көмуге, жағуға рұқсат жоқ. Ал оны қайта өңдеу экономикалық тұрғыда тиімсіз еді. Сондықтан арнайы орындарда жиналып, сақталатын. Сондықтан қызылордалық мамандардың жаңа әдісі экологиялық тұрғыда да пайдалы болмақ.
– Мұнайдың тағы да басқа қалдықтарынан бөліп алу үшін тепкіш күшті пайдаланамыз. «Центрифуга» арқылы өте жоғары жылдамдықпен және арнайы химреагенттер мен демульгаторларды қосу арқылы мұнайдың құрамындағы фазалық қоспалардан бөліп, таза тауарлық мұнайды алу ойымызда бар. Мысалы, қалдықтың мөлшері 30 пайыз дейтін болсақ, оны өңдеу арқылы 1 тоннадан 300 кг мұнай аламыз деген болжам бар, – деді оқу орнындағы инженерлік зертхана жетекшісі Нұрбол Аппазов.