Қызылордалық теміржолшылар баспанамен қамтылады
Бұл туралы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ «Қызылорда бөлімшесі» филиалының директоры, «Nur Otan» партиясы «Теміржол» филиалының төрағасы Аманкелді Арысбаев ұжыммен болған кездесуде атап өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Қызылорда жолаушылар вагондарын жөндеу депосының еңбек ұжымы «Nur Otan» партиясының кезекті XVIІІ съезіне қатысқан делегаттармен кездесіп, онда, әлеуметтік сипатқа ие болған құжатта Елбасының елімізді жан-жақты жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға партияның қосатын нақты үлесі мен жұмысы туралы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың съезде жасаған баяндамасынан алған әсерлерімен бөлісті.
Кездесу барысында съезд делегаттары Президент жария еткен әлеуметтік бастамаларға, көпбалалы отбасының өміріне үлкен өзгеріс әкелетін батыл да нақты шешімдерге тоқтап, жаңа Үкіметке берілген нақты тапсырмалардың көпбалалы отбасыларға жасаған зор қолдаулары екенін айтып өтті.
«Nur Otan» партиясының «Теміржол» филиалының төрағасы Аманкелді Арысбаев Астанада Тәуелсіздік сарайында өткен партияның кезекті XVIІІ съезіне сырбойылық теміржолшылардан 3 делегаттың қатысқанын, ел тарихында таңбаланған маңызды оқиғаға куәгер болғанын айтып, Мемлекет басшысының қамқорлығының нәтижесінде теміржол саласының жетістіктерін тілге тиек етті.
«Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасының «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияға үлкен демеуінің арқасында, теміржол саласы көшбасшылық орынға шықты. Съезд жүктеген міндеттерді де Қызылорда теміржол бөлімшесі өз тарапынан орындауға дайын. Атап өту керек Елбасы жүктеген міндеттерді қызылордалық теміржолшылар тиімді жүзеге асыруда.
Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа үй құрылысы жұмысын аяқтап, қазіргі таңда Сексеуіл кентінен 16 жас отбасыға тұрғын үй берілді. Ағымдағы жылы жас отбасылар үшін тағы 20 үй берілуге дайын. Яғни, барлығын қосқанда 76 жас теміржолшыларды баспанамен қамтамасыз етеміз»,- дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ «Қызылорда бөлімшесі» филиалының директоры, «Nur Otan» партиясы «Теміржол» филиалының төрағасы Аманкелді Арысбаев.