Полиция бөлімінде ақпараттық орталық ашылды
Арал аудандық полиция бөлімінде фронт-офис ақпараттық орталығы ашылды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Аудандық Полиция бөлімінің бастығы Нұрбол Әбдіразақ жаңа орталықтың атқаратын жұмысымен таныстырды.
Бұл орталық халық пен тәртіп сақшылары арасын жақындастыра түсетін көпір болмақ. Халық қажетті ақпаратты алып, құқық қорғау органының қызметіне қатысты кез келген мәселе бойынша кеңес сұрай алады.
«Азаматтарға қызмет көрсетуге арналған фронт-офисте полиция қызметіне жүгінгісі келген кез келген тұлғамен тікелей қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ, фронт-офисте қолайлы күту залы бар. Күту залында полиция қызметіне оң көзқарас қалыптастыру мақсатында түрлі бейнероликтер көрсетілетін теледидар қойылған», - дейді Полиция бөлімінің бастығы Нұрбол Әбдіразақ.
Айта кетейік, өткен жылы Жол картасы бекітіліп, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ішкі істер органдарының жұмысын жандандыру, халықпен қарым-қатынасын күшейтуге байланысты 9 бағытта жұмыс жасауға нақты тапсырма берген болатын. Соның бір бағыты - фронт-офис орталығын ашу.