Су айдындарында қауіп жоқ
Биыл ауа-райының жайлылығына байланысты су айдындарында су тасу қаупі жоқ. Мұз өз орнында еріп жатыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының ТЖД Төтенше жағдайларды алдын алу бөлімінің бастығы Жандос Досымов мәлімдеді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Сондай-ақ, баспасөз конференциясына ҚР ІІМ ТЖК «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бахыт Ембергенов, Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әлішеров қатысты.
Сонымен қатар, су айдындарында көктемгі кезеңде төтенше жағдайларға уақытылы ден қою мәселесіне байланысты жұмыстар да жүргізілуде.
Облыстың су айдындарында жылда азаматтардың әртүрлі себептермен бақытсыз жағдайларға ұшырауы, оның ішінде қыс және көктем айларында төтенше жағдайлар орын алатыны белгілі. Өткен жылы 1 оқиға орын алып, 1 адам суда қаза болды. Биыл 1 оқиға тіркеліп, 1 адам суға кетті. Осыған орай, су айдындарында жазатайым оқиғаларды алдын алу мақсатында, жасақ құтқарушыларымен тұрақты түрде алдын алу жұмыстары жүргізіліп, азаматтардың судағы, мұздағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар тұрақты өткізілуде. Сол себепті, Қызылорда облысы, Шиелі, Арал және Қазалы аудандарында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, ішкі істер бөлімі және төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп құтқарушылар осы күнге дейін 36 рейд жасады.