ШИЕЛІДЕ АСФАЛЬТ ЗАУЫТЫ САЛЫНАДЫ
Шиеліде өндірістік аймақтарды дамыту жұмыстары қолға алынды. Осы аудандағы «Тұлпар-2000» ЖШС жобалық құны 354 млн. теңгені құрайтын асфальт зауытының құрылысы үшін 3 гектар жер теліміне қол жеткізсе, дәл осы көлемдегі жер телімі «Шиелі тас» ЖШС силикат кірпіштерін өндіру зауытына бөлінген. Бұл зауыттың жобалық құны 612 млн. теңгені құрап отыр. Берілген жер телімдері тегістеліп, құрылыс жұмыстарына дайындық басталып кетті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алдағы уақытта өндірістік аймақтан «Шиелі Жолшы» ЖШС темір-бетон бұйымдарын шығару зауытына 5 гектар, «KazChinNur» ЖШС каустикалық сода және көмірқышқыл газын шығару зауытына 4 гектар, «Табиғи тас Қызылорда» ЖШС силикат кірпіш пен әк шығаратын зауытына 20 гектар жер телімін табыстау жоспарлануда.
Осы жерде өңірлік индустрияландыру картасына «Шиелі тас-Оңтүстік» ЖШС жобалық құны 777 млн. теңгені құрайтын әк шығару зауыты енгізілгенін атап өту керек. Бүгінгі күні зауытта 3 ауысым бойынша 30-ға жуық адам жұмыс жасайды. Қаратаудың қойнауынан өндірілетін әкті облыс жұртшылығы тұтынуда.
Міне, осындай жұмыстардың нәтижесінде Шиелі ауданы индустрияға бет бұрған өңір ретінде танылып отыр.