Көп балалы және толық емес отбасылардың баспана алуына тиімді мүмкіндік
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов мәлімдеді.
"Таяуда Үкіметте тұрғын үй бағдарламаларының жүзеге асырылуын талқылау барысында "Нұрлы жер" - "Бақытты отбасы"бағдарламасының жаңа бағыттары туралы айтылды. Оның қатысушылары 4 және одан да көп балалары бар көп балалы отбасылар, кәмелетке толмаған балалары бар толық емес отбасылар және табысы төмен, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар болады. Осыған сәйкес, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жыл сайын 50 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінетін болды", - деді Н.Ақшанов.
Сонымен қатар, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылар тұрғын үйді сатып алу үшін алдын-ала және аралық заем түрлерін жылдық мөлшері 2 пайызбен алу мүмкіндігіне иеленеді. Жеңілдетілген несиені алу үшін қажетті алғашқы жарнаның мөлшері заем сомасының 10 пайызын құрайды. Ал, ағашқы жарнаны төлеуге шамасы келмеген отбасыларға жергілікті әкімдік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттарын беретін болады.
Жаңа бағдарлама бойынша заемның максималды сомасы 15 млн. теңгені құрайды. Несие 19 жылға беріледі.
«Бақытты отбасы» бағдарламасының көмегімен жергілікті әкімдіктер тарапынан салынған пәтерлерді, екінші нарықтағы тұрғын үйлерді немесе жеке үйлерді сатып алуға болады.
Мәселен, бағасы 8 млн. теңгелік тұрғын үй бойынша, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында алғашқы 8 жыл ішіндегі алдын ала заем бойынша төлем мөлшері 42 мың теңгені құрайды, ал қалған 11 жыл ішінде тұрғын үй заемы бойынша 27 400 теңгеден төлеп тұру қажет. Бағасы 10 млн.теңгені құрайтын пәтер бойынша, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында алғашқы 8 жыл ішіндегі алдын ала заем бойынша төлем мөлшері 52 600 теңгені құрайды, ал қалған 11 жыл ішінде тұрғын үй заемы бойынша 36 мың теңгеден төлеп тұру қажет.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін отбасы мүшелерінің адам басына шаққандағы ең төменгі жалақы мөлшері айына 42 500 теңгеден аспауы тиіс. Мәселен, егер отбасы 5 адамнан тұрса, онда олардың жалпы табысы 212 500 теңгеден артық болмауы керек.