Көпбалалы отбасына 2-3% несие Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы беріледі
"Nur Otan" партиясының XVIII съезінде Нұрсұлтан Назарбаев тиісті мекемелерге тұрмысы төмен көп балалы отбасыларына 2-3% ипотекалық несие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қолжетімді баспана бағдарламасы мемлекеттік Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сәуірден бастап жүзеге асырыла бастайды.
Мамандардың есебінше, егер пәтердің құны 8 млн теңге болса, бастапқы 8 жылда несие алушы ай сайын 42 мың теңгеден, кейінгі 11 жыл ішінде 27,400 теңгеден төлеп отырады. Бұл - әзірше жоба ғана.
«Елбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынатындығын атап өтті. Бұл мақсатқа алдағы 7 жылда жыл сайын қосымша 50 млрд теңге бөлінбек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы көпбалалы және толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар, сондай-ақ кірісі төмен отбасыларға баспана сатып алудың қолжетімдігін арттыру қажеттігін атап өтті. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қазір жаңа бағдарлама әзірлеп жатыр. Сәуір айынан бастап жүзеге асырыла бастайды деп жоспарлап отырмыз», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ бөлім басшысы Әмір Нұрмұқанов.