Үздік шәкірттер шипажайға жолдама алды
Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітіне қарасты «Құран жаттау» орталығының үздік шәкірттеріне шипажайға жолдама берілді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Осыдан бір жыл бұрын ғана ашылған облыстық мешіт жанындағы «Құран жаттау» орталығында «Құран курсы» тұрақты жүргізіліп келеді. Бүгінде аталған орталықта қари болуға ден қойған 7-66 жас аралығындағы ынталы шәкірттер білім алуда. Жас ерекшеліктеріне қарай «үлкен» және «кіші» болып екі топқа бөлінген. Орталықтың бағдарламасына сәйкес, білім алып жатқан шәкірттер әліптен бастап әріп танып, тәжуид ережелерін өткен соң, қари М.Абжалеловтың тәсілі бойынша Құранды толық жаттауға машықтануда. Алдыңғы дені Құран Кәрімнің 2 парасын жатқа біледі.ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Құран курсында» 6 ай білім алған шәкірттерге сертификат табыстау рәсіміне арнайы қатысқан Өкіл имам Болатбек Ұласқанұлы «Үлкендер» тобында оқитын 50 шәкіртті құттықтап, курсты сәтті тәмамдағандары үшін сертификат табыстады. Сабақтан қалмай, тапсырманы тыңғылықты орындап жүрген Есенов Нұрдалы, Қайрат Жұманов, Абдикамал Мырхиев есімді шәкірттерге «Сарыағаш», «Жаңақорған» шипажайларына жолдаманы тарту етті.
Өкілдіктің ұйымдастыруымен үздік шәкірттерді ынталандыру мақсатында, жомарт азаматтардың демеушілігімен, қолға алынған бастама әлі де жалғасын таба бермек.