Жүйелі жұмыс пен жауапкершілік қажет
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары қаралды.

Дегенмен, зоопаразитологиялық барлау бойынша аймақтағы қолайсыз елді мекендер 127-ден 123-ке кеміп отыр. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алуда тиімді, үйлескен түрде іс-шаралар жүргізу мақсатында облыс әкімі «Қызылорда облысы аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы әрекет ету алгоритмін» бекітіп, тиісті міндеттер нақтыланды.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов 2019 жылға КҚГҚ алдын алу шаралары үшін көктемгі-күзгі жұмыстарға 214,5 млн теңге бөлінгенін жеткізді. Ол табиғи ошақтарда кенеге қарсы өңдеу жұмыстары мердігерлер толық анықталып біткеннен кейін 8 сәуірде басталатынын айтты. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәлімдегеніндей, емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмектердің қоры сақталуда.
Облыс әкімі эпидемиологиялық жағдай күрделі сипат алып кетпеуі үшін аудан әкімдері, сала басшылары жоспарланған іс-шаралардың орындалуына қатаң бақылау жасап, өте жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Кент, ауылдық округтер әкімдері өз аумақтарындағы қоражайлардың, мал қораларының таза-лығына өте мұқият қарауы тиіс. Елді мекендерде уақ малдарды тоғытуға қажетті жағдайлар жасалуы қажет. Жұмыстардың бәрі өз деңгейінде атқарылатын болса, залалсыздандыруға бөлінген қаржы тиімді жұмсалатын болады.