Әнші Төреғали Төреәлі «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылына сыйлық жасайтынын айтты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен әнші Төрағали Төреәлі «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылында қонақта болды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Жылдағы дәстүр бойынша биылғы жылы да өз жалғасын тапқан игі шарада ҚМДБ-ның Сыр өңіріндегі Өкілі Болатбек Әбуов бастаған қала мешіттерінің имамдары, «Сұлтан» мешітінің жамағаттары және де арнайы қонақтар Төреәлі Төлепов пен Төреғали Төреәлі балалар ауылының ауласына 200 түп алма, алмұрт, шие және т.б. жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты.Бұдан кейін, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының тұрғындары қолдаушы ағаларының көмегіне ризашылықтары ретінде өнерлерін көрсетіп, жетістіктерімен бөлісу үшін қонақтарға үйлерін аралатып, қызығушылықтарымен, ауыл тынысымен таныстырды. Сондай-ақ, өз қолдарымен пісірілген тағам түрлерін ұсынып, дастарқан басында емен-жарқын сұхбат жүргізді.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ниетпен балалардың көңілін аулау үшін «Атамекен» ауылына арнайы ат басын бұрған Төреғали Төреәлі балалармен бірге бір сахнада өнер көрсетіп, тегін концерт қойып берді. Әкелі-балалы Төлеповтер ағаларының алдында өз өнерлерін ортаға салған талантты балаларды ынталандыру мақсатында музыкалық аппаратура сыйға тарту ететіндіктерін жеткізді.
Жанашыр ағаларының ақ батасын алған балалар ізгі мақсатта игі жақсыларды бастап келген Өкіл имам мен Төрағали Төреәліге алғыстарын білдіріп, естелікке қолөнер туындысын тарту етті.