Сымбаттың мүгедек балаларға арнап шығарған мультфильмі көптің көңілінен шықты
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова компьютерлік ойын дайындап жатыр, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz«Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Баланың ойлау қабілетін дамытып, сөздік қорын молайтатын бұл бағдарламаның «демо» нұсқасы шығып үлгірді. Сымбат 15 мультфильмнің авторы. Үнемі шығармашылық ізденісте жүретін аниматордың әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларды ортаға бейімдеуге арналған әдістемесі көпшіліктің көңілінен шықты.Сымбат тілінде кемшілігі бар балаларға арналған 9 мультфильм әзірлеп шығарды. Қалған анимациялық туындылары да танымдық сипатта. Білім беру ұйымдарында оның бүлдіршін танымын кеңейтуге арналған «Дыбыстарды машықтандыру», «Көңілді түстер» сынды еңбектері кең қолданыста. Сценарийді Сымбат өзі жазады, өзі монтаждайды. Әдістемелік құралдарын тегін таратады.
«Бұл ойынды үй жағдайында немесе мамандар қасында сөйлете отырып бірге ойнатуға болады. Бұл білім беру саласындағы мекмелерге таратылады. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасайтын оңалту орталықтары, түзету, консультациялық кабинеттері, мектеп жасына бейінгі балабақша балаларына тарататын боламын», - дейді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова.
Сырбойылықтардың қолдауын сезінген Сымбаттың шабыты оянып, жетістікке деген жігері арта түсті. Қызылорданың 200 жылдығына арнап, туған өлкесінің тарихы мен географиялық ерекшеліктері суреттелген «Сиқырлы кілт» мультфильмін тарту етті. Қазір ол Еуропаның психиатрлар Қауымдастығының мүшесі атанып, суицидтің алдын-алу жобасымен де айналысып жүр.
«Бұл жоба көптеген күшті, жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені әрбір баланың өмірі біз үшін құнды. Әрбір жас елдің азаматы. Сондықтан әрбір баланың психикалық, физикалық денсаулығының мықты болуына тек психологтар ғана емес, бүкіл қоғам болып атсалысу керек деп ойлаймын», - дейді Сымбат Әбдірахманова.
Сымбат анимациялық туындыларының саундтрегін де өзі жазады. Негізгі мақсаты мағыналы мультфильмдер арқылы жас өскіндерді тәрбиелі, ұлтжанды болуға шақыру.