«Жолда қабылдау» акциясы барысында тұрғындар смартфон арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін пайдаланды
Қызылордада «Жолда қабылдау» акциясы барысында тұрғындар Telegram-бот арқылы мемлекеттік қызмет түрін пайдалануға және терминал арқылы айыппұл төлеуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
5 және 6 сәуір аралығында Қызылорда облысы аумағында республикалық «Жолда қабылдау» акциясы өтті.
Халықпен кері байланысты орнату бойынша полиция бөліністері басшыларының тұрғындармен жеке кездесуін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген екі күнге созылған акция облыс орталығында және барлық аудандарда өткізілді.
Халық көп шоғырланатын орындарда арнайы «Жолда қабылдау» деп жазылған ақпараттық плакатпен рәсімделген автобустар орналастырылды. Тәртіп сақшыларымен жүргізілген мобильдік қабылдау кезінде тұрғындарға мемлекеттік қызметтердің қолжетімдігі, онлайн режимде айыппұлды төлеу тәртібі туралы құқықтық кеңестер кеңінен берілді.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша шара барысында 500-ге жуық тұрғын смартфон арқылы 44 мемлекеттік қызмет түрін пайдалануға және 15 облыс тұрғыны терминал арқылы айыппұл төлеуге мүмкіндік алды.
Облыс аумағында өткізілген акция барысында тұрғындар түрлі мәселелер бойынша мамандардан кеңес алды. Келген тұрғындардың барлығы көкейіндегі сұрақтарын еркін қойып, тұшымды жауаптар алды. Тұрғындар көбінесе құқықтық мәселелер бойынша жүгініп жатты.
Мәселен, Қызылорда қаласының тұрғыны өз ауласындағы құрылыс жұмыстарына Өзбекстан Республикасының азаматтарын шақыртуға заңды түрде рұқсат алу кеңесін алды. Департаменттің Көші-қон қызметінің бастығы полиция подполковнигі Аруын Жолдасбаев азаматшаға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заңды кеңесін берді. Өз кезегінде кеңес алған азаматша полиция қызметкерлерімен берілген түсіндірмелер мен кеңестерге қанағаттанып, алғысын білдірді.
Айта кетерлік жайт, акцияға белсенді түрде Қызылорда облысының блогерлері де жұмылдырылды. Олар өз тарапынан әлеуметтік желілерде тікелей эфирде акцияның өту барысы, тұрғындарға кеңес беру сәттерін кеңінен жариялады.
Акция барысында әлеуметтік желілер және «жедел желі» арқылы түскен тұрғындар сауалдары да назардан тыс қалмады.
Азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, халықтың полицияға деген сенімін арттыру бағытында өткізілген бұл шара Қызылорда облысында тиісті деңгейде өтті.