«Азаматтарға арналған үкімет» филиалы жаңа кеңсеге көшті
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының әкімшілігі 8 сәуірден бастап жаңа ғимаратқа көшті. Енді филиалдың бұған дейін бөлек ғимараттарда орналасқан басқармалары мен құрылымдық бөлімшелері open space форматындағы орталық кеңсеге шоғырланды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Өткен жылы мемлекеттік корпорация «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» және «Әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есеп айырысу орталығы» сияқты үш республикалық мемлекеттік кәсіпорындарды біріктіріп, қайта ұйымдастыруды сәтті аяқтаған болатын. Бұл өз кезегінде азаматтарға әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу, жер телімдерін өлшеу, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру секілді және басқа да мемлекеттік қызметтерді бір жерден - корпорацияның фронт-офистері арқылы алуға мүмкіндік берді.
Ашық кеңістікте отырып жұмыс жасау еңбек өнімділігін арттыруға, әріптестер арасында жайлы қарым-қатынас орнатуға септігін тигізері сөзсіз дейді мамандар.
«Қызмет етудің бұл әдісіне көшу біздің қызметіміздің жаңа көрсеткіші десек те болады. Енді біз азаматтар үшін бұрынғыдан да ашықпыз және біздің салаға қатысы бар мәселені шешуге көмек беруге әрқашан дайынбыз. Оның үстіне, бір бөлмеде отырған қызметкерлер кез-келген уақытта бір-бірімен ақпарат алмаса алады, тапсырма да дер кезінде орындалады», - дейді филиал басшылығы.
Жаңа кеңсе Қызылорда қаласы, Қорқыт ата көшесі, 123 мекен-жайында орналасқан. Қызмет алушыларға ыңғайлы болу үшін ғимараттың бірінші қабатында бұған дейін Тасбөгет кентінде орналасқан №2 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайтын болады.