Университет ұстаздары мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар берді
Жалағаш аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет Үйінде 2018-2019 оқу жылында бітіретін мектеп түлектеріне "Білім алушылардың кәсіби бағдарлануы - бәсекеге қабілетті маман дайындау кепілі" атты үгіт-насихат жиыны өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Жиында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу-ісі жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Айтмағанбет Үргенішбеков, Экология және химия технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Ахатаев, тәрбие және мәдени-көпшілік жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы педагогика ғылымдарының кандидаты Назира Аймаханова, бизнес-инкубатор орталығының жетекшісі Жандос Оразмаханов, университет түлектері қатысты.Кездесуде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті дайындайтын мамандықтар туралы, материалдық-техникалық база және студенттерге арналған бағдарламалар жайында толық мәліметтер берілді.
Сонымен бірге, түлектерге кешенді және ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға одан бөлек, құжаттарды қабылдауға байланысты өзгерістер туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мектеп бітірушілерге университет дайындайтын мамандықтар тізбесінен тұратын парақшалар мен жадынамалар таратылды.
Айта кетейік, Жалағаш ауданында 2017-2018 оқу жылында 344 бітіруші болды. Оның ішінде, 334-і жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсті. Бұл жалпы бітірушілердің 97,1 пайызын құрайды. Бұл - облыстағы бірден-бір жоғары көрсеткіш. Жалпы ұлттық бірыңғай тестілеуге 246 бітіруші қатысса, соның 189-ы мемлекеттік грант иеленіп,бұл – 76,8 пайызын құрады. Бұл да аудандар арасындағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Соның ішінде, 22 бітірушіміз осы аталған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен грант иеленді. Қазіргі таңда аудан әр жылдары бітірген түлектердің 123-і аталған университетте білім алып жатыр.