КӘСІПКЕРЛЕР СОТ ОТЫРЫСЫНА БЕЙНЕБАЙЛАНЫС АРҚЫЛЫ ҚАТЫСА АЛАДЫ
Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының алаңында Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты судьяларымен өткен брифингте айтылды.
Шарада судья Медетбек Сәрсенов сот процесі кезінде егер кәсіпкер жұмыс барысымен өзі тұратын аймақта болмаған жағдайда сот отырыстарына сапарлап жүрген аудан немесе қаладағы сот залына барып, бейнебайланыс арқылы қатыса алатындығын жеткізді. Ол үшін кәсіпкер өзі тұратын аумақтағы ісін қараушы судьяға алдын ала өтініш жазуы қажет екен.
Мұнан өзге брифинг барысында Медетбек Сәрсенов сот жүйесінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлерді ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға шақырды. Судья сот органдарының ресми интернет-ресурстарында «Сот кабинеті» ақпараттық қызметі арқылы электрондық құжаттарды сотқа беру тәртібімен таныстырып өтті.
Ал судья Зәуре Жарылқасынова сот процесінде «Медиация туралы» Заңды қолданудың маңыздылығы мен тиімділігі туралы айтып берді.
Айта кету керек, бүгінде Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері медиация тәртібімен кәсіпкерлердің арасында мәселелерді шешуде. Мәселен, жыл басынан бері Палата заңгерлері «Қызылордажылуэлектрорталығы» ШЖК МКК-мен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде кәсіпкерлердің 5 млн.теңгеден астам қаржысын сотқа жеткізбей төлетті.
Жалпы есепті кезеңде Палатаға кәсіпкерлерден заңгерлік көмек сұраған 300 өтініш түсті. Оның 126-сы бойынша кеңес берілсе, 94-і оң шешілді. Сотқа дейін жеткен 56 арыз бойынша Палата заңгерлері кәсіпкерлердің құқығын қорғап, оның 85 пайызы оң шешімін тапты. Нәтижесінде кәсіпкерлердің 300 млн.теңгеден астам қаржысы өздерінде қалды.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі