10 ЖЫЛҒА БАС БОСТАНДЫҚТАРЫНАН АЙЫРЫЛДЫ
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушылар 38 және 39 жастағы ағайындыларға қатысты қылмыстық ісін қарап, айыптау үкімін жариялады.
Ағайынды сотталушылар Орал қаласының тұрғындары адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшердегі есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз иеленіп, сақтап, тасымалдап, халық денсаулығына қарсы аса ауыр қылмыс жасаған.
2017 жылдың 27 маусым күні Арал ауданында орналасқан «Арал-Шеп» бекетінде полиция қызметкерлері құжаттарды және автокөлікті кинолог маманмен қызметтік итпен тексеру кезінде сотталушылардың біреуінің қол сөмкесінен 1,13 гр. есірткі заты «гашиш» және автокөліктің артқы орындығының үстінен жалпы салмағы 2047,06 гр. есірткі зат «кептірілген марихуана» табылған.
Сот үкімімен сотталушылар К. және М. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігінің 1,3-тармақтарымен (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшердегі есірткі заттарды иемденіп, сақтап, тасымалдау) кінәлі деп танылып, әрқайсысының мүлкілері тәркіленіп, 10 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Жазаларын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге деп белгіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі