АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ
Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі тұрғын үйлердің 49 пайызы, яғни 3990-ы «көгілдір отын» игілігін көріп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте аудан әкімі М. Ергешбаев хабарлады.
Биыл облыстық бюджеттен 102 млн. теңге бөлініп, 12 әлеуметтік нысан газға қосылды. Алда тағы 147 мекемені (16 мемлекеттік мекеме, 4 емхана, 4 мектеп, 3 спорт кешені, 5 балабақша, 115 кәсіпкерлік нысаны) газ құбырына қосуға техникалық шарттар алынды.
– Бұл мәселе бойынша аудан халқына жеңілдіктер де қарастырылған. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен меморандумға отыру нәтижесінде тұрғындарға газ желісін қосу қаражатын пайызсыз бөліп төлеуге келісілді. Соның арқасында жыл аяғына дейін көгілдір отын тұтыну көрсеткіші жоғарылайды деп жоспарлануда, – деді аудан басшысы.