Жалағашта аудандық аурухана құрылысы басталды
Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Таң LTD» ЖШС-нің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылған спорт кешенінің жұмысымен танысып, бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралап көрді және аудандық аурухананың іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы алдымен Таң ауылдық округіндегі «Таң LTD» ЖШС-нің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылған спорт кешенінің жұмысымен танысты. 100 адамға арналған спорт кешенінде дзюдо және таэквандо үйірмелері жұмыс істейді. Мұнда 2 спортзал, киім ауыстыратын бөлме, санузел, тренер және медбике кабинеттері қарастырылған. Жаңа нысанда 11 адам жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, облыс әкімі тәулігіне 1000 дана консервіленген ет өнімдерін шығаратын "Таң ЛТД" ЖШС ет цехын аралап көрді. Кәсіпорында 14 адам жұмыспен қамтылған. Цех құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталып, 2019 жылдың 1 мамырында аяқталды. Цех ғимаратында ірі қара малды сою бөлмесі, мұздатқыш, ет кесу және бумалау бөлмесі бар. Сондай-ақ, мұнда ветеринар, технолог және 2 зертханашы жұмыс істейді.
Аймақ басшысы Жалағаш кентінде ағымдағы жылдың 1 мамырында жұмысын бастаған "Jibek" қонақ үй кешенінің жұмысымен танысты. Екі қабатты ғимаратта 4 кеңсе, 50 адамға арналған асхана, 3 люкс және 4 эконом санатындағы бөлмесі бар. Қонақ үйде 5 адам жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Жалағаш кентінде 100 орындық аудандық аурухана құрылысы басталды.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев Жалағаш ауданының тұрғындарын Қасиетті Рамазан айымен және жаңа аурухана құрылысының басталуымен құттықтады.
«Кеше өңірімізде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жұмыс сапарымен болды. Мемлекет басшысы Сыр бойы елдің әл-ауқатын еселеп, халқымыздың бақ-берекесін арттырған өңір екенін айтып, біздегі кәсіпкерлік, индустрияландыру, құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді. Бұл бағалауда Сіздердің баршаңыздың туған жерімізді дамытуға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз бар екенін атап өткім келеді. Бүгін міне, Жалағаш ауданында да сол игілікті істі жалғастырып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 100 орындық жаңа аурухана құрылысын салуды бастағалы отырмыз. Ауданда жаңа типтегі, заманауи құралдармен жабдықталған аурухана салу өзекті мәселелердің бірі болатын. Бұрынғы орталық аурухана 1997 жылы асар әдісімен салынған. Дені сау адамның қашан да қоғам байлығы екені белгілі. Сондықтан, біздің міндетіміз - халықты сапалы және қолжетімді медициналық қызметтермен қамтамасыз ете отырып, заманауи аурухана, емханаларда ем алуына жағдай жасау»,-деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, аурухана құрылысын аяқтау келер жылға жоспарланып отыр. Жалпы, Сыр өңірінің елдімекендерінде тек соңғы 2 жылда 24 денсаулық сақтау нысаны салынды. Бұл нысандардың дені – ауылдық емханалар мен дәрігерлік амбулаториялар. Олардың барлығы заманауи жабдықталған, сондай-ақ, дәрігерлік амбулаториялардың жанынан күндізгі стационарлар ашылуда.
Аудан тұрғындарының өзекті мәселесінің шешім тапқаны үшін денсаулық сақтау саласының ардагері Сахи Қалыбаев облыс әкіміне алғысын білдірді.
Өңір басшысының жұмыс сапары 2017 жылы ашылған "Өркен Әлем" ЖШС арнайы киім тігу цехында қорытындыланды. Аталмыш цех бронды кеудеше мен арнайы киімдер тігеді. Цехтың жылдық қуаты –7000 данаға дейін бронды кеудеше тігеді, нысанда 24 адам жұмыс істейді.
Айта кетейік, 2018 жылы Қызылорда облысы әкімдігі, мәслихат, "Нұр Отан" партиясы филиалы, қоғамдық кеңес және кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен 2018-2020 жж. Өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы» ретінде жарияланған.
Биыл облыста шағын және орта бизнесті дамытуда несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін 900 млн.теңге, сондай-ақ, шағын және орта бизнестің несиелерін ішінара кепілдендіру үшін 100 млн. теңге қарастырылған. Өңірлік инвестициялық орталыққа ағымдағы жылы шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға 1 млрд.теңге бөлінді. Бұдан басқа, "Даму" Қорымен шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 800 млн. теңге қарастырылған жаңа бағдарлама жүзеге асырылуда. Онда кәсіпкерлер үшін ақтық мөлшерлеме жылына 8% болады. Қаражат Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 5 жылға 10-нан 20 млн. теңгеге дейін беріледі.