Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді?
Орталық сайлау комиссиясы 9 маусым күні тұрғылықты жерінен басқа жерде жүргендер қалай дауыс беретінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров сайлау күні тұрғылықты жері бойынша келуге мүмкіндігі жоқ азаматтар басқа жерде дауыс бере алатынын атап өтті.
"Сайлаушы басқа қала немесе елді мекенге кетсе, учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушыға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін табыс етеді", - деді Петров орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның айтуынша, аумақтық сайлау комиссиялары өңір бойынша сайлаушылардың бірыңғай электронды тізіміне сәйкес сайлаушылардың жалпы санының 1%-нен аспайтын есептен шығару куәліктерін дайындауды қамтамасыз етеді, ол туралы бір күн ішінде орталық сайлау комиссиясына хабарлайды.
"Сонымен бірге қосымша қажеттілік туындаса, аумақтық сайлау комиссиялары ОСК-мен келісіп, дауыс беру күніне кемінде үш күн қалғанда қосымша есептен шығару куәліктерін дайындау туралы шешім қабылдайды", - деді ОСК төрағасының орынбасары.
Учаскелік сайлау комиссиясы есептен шығару куәліктерін беруді сайлаушының тіркелген орны бойынша жүзеге асырады. Бұл ретте сайлаушылар тізімінде тиісті белгі қойылады.
"Бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға есептен шығару куәлігі берілмейді", - деді Петров.
Есептен шығару куәліктерін беру 25 маусымда басталып, 8 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 18:00-де тоқтатылады.
Есептен шығару куәлігі сайлаушыға (не оның өкіліне сенімхат бойынша) куәлікті алу туралы жазған өтініші негізінде жеке куәлігін көрсеткен кезде беріледі.
Есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде, учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беретін күні сайлаушыны оның келген орны бойынша сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізеді. Пайдаланылмаған есептен шығару куәліктерін тиісті учаскелік сайлау комиссиясы 8 маусым күні сағат 18:00-ден кейін жоюы тиіс және дауыс берудің қорытындылары шығарылған соң, жоғары тұрған сайлау комиссиясына береді.