Қызылордадағы медициналық ұйымдарда қаржы мәселесіне қатысты кемшіліктер анықталды
Kyzylorda-news.kz. Мониторинг барысында емдеу-диагностика шараларының стандарттарын сақтамау, медициналық құжаттарды сапасыз толтыру, медициналық қызмет ақысын негізсіз қымбаттату, қызметті нақты көрсету фактісінің расталмауы сынды кемшіліктер анықталған. Соның салдарынан медициналық ұйымдар 83,9 млн теңгеге шығынға ұшыраған. Бұл туралы сақтандыру қорының баспасөз қызметі хабарлады.
«Осы жылдың басынан бері 83,9 млн теңгеден асатын ақаулар анықталды. Атап айтқанда, емханалық-амбулаторлық көмек саласындағы кемшіліктер - 28,1 млн теңге, консультативтік-диагностикалық қызметтер - 2,5 млн теңге, ауыл халқына көрсетілген медициналық қызметтер - 16,02 млн теңге, стационарлық және стационарды алмастыратын көмектегі ақаулар - 35,24 млн теңге, медициналық көмектің ПАБ, онкология, наркология сынды т.б. түрлері бойынша - 2,1 млн теңге», - дейді Қызылорда облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалының директоры Руслан Бектібаев.
Айта кетейік, аймақ бойынша мемлекеттік тапсырыс арқылы халыққа 74 медицина ұйымы қызмет көрсетті, оның 44 – жеке меншік.