Дәрі-дәрмек саудасына бақылау күшейтілді
Kyzylorda-news.kz. Мемлекет тарапынан берілетін дәрінің бағасы өз алдына, енді коммерциялық нарықтағы баға да бақылауда болады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Дәрі-дәрмек саудасын реттейтін заң аясында арнайы ереже қабылданды. Яғни шетелдік және отандық дәрі өндірушілер ұлттық сараптама орталығына өз өнімдерінің бағасын тіркейді. Күні бүгінге дейін 4000-нан астам өндіруші есепке алынған. Бұл елімізде сатылатын дәрі-дәрмек бағасын тұрақты ұстауға кепіл болмақ. Дәріханалар белгіленген шектен шықпауға міндеттеледі. Еуразиялық медициналық қауымдастық өткізген конференцияда фармацевтика саласындағы мәселелер талқыланды. Мамандардың айтуынша, биыл мемлекеттік сатып алу бойынша берілетін дәрілер жеткілікті. Былтырғыдай проблема болмауы тиіс. Жалпы жыл сайын бұл мақсатқа 200 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Түрлі сырқаты бар 3 млн адам қажетті дәрімен қамтамасыз етіледі. Айналымдағы дәрі-дәрмектің 10 проценті ғана – отандық өнім. Қалғаны сырттан импортталады.
«Біздің жаңа құқықтық актілердің нормасы бойынша дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу жүргізіледі. Бұл жобаны енгізуден күтіп отырған мақсат бар, ол – дәрі-дәрмектің бағасын анағұрлым төмендетіп, халыққа ету. Мемлекет және халықтың белсенді қатысуын қалаймыз. Себебі мәселені бірігіп шешу керек», - дейді Еуразиялық медициналық қауымдастықтың атқарушы директоры Жұпар Байпақбаева.