ТҰРҒЫНДАР САУЛЫҒЫ ТҰРАҚТЫ НАЗАРДА
Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Қазалы ауданының әкімі М. Ергешбаев БАҚ өкілдеріне өңірдегі медициналық қызмет бағытындағы жұмыстарды да тарата айтты.
Ауданда 1 аурухана, 1 орталық, 2 ауылдық емхана, 1 қалалық құрылымдық бөлімше, 16 дәрігерлік амбулатория және 18 медициналық пункт ел саулығын сақтау жолында жұмыс жасайды.
Биыл сәбилер шетінеуінің көрсеткіштерінде төмендеу тенденциясы байқалды.
Сондай-ақ, жуырда ауданда 150 орындық аурухана пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелері шешілуде. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Ангиограф» медициналық аппараты алынып, Ресей мамандарымен келісім жасалынды. Қазір жаңа ғимаратқа қондыру жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа аурухана жанынан аудандық емхана салу жоспарлануда. 250 келушіге арналған емхана құрылысын салу жобасының құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 16,7 млн.теңге бөлінді.