МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Өңірлік коммуникация қызметі мамандары аймақтағы медицина саласындағы жұмыстарды таныстыру мақсатында БАҚ өкілдері үшін пресс-тур ұйымдастырды. Шара аясында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, денсаулық сақтау жүйесін басқару және қаржыландыру жүйесінің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар нәтижесі көрсетілді.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру бағытында аймақ басшысының өкімімен облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, 7 бағытта 200-ден аса іс-шара қолға алынған.
Жоспардың басты мақсаты – облыс тұрғындарының денсаулығын нығайтып, олардың өмір сүру ұзақтығын 72,1 жасқа ұзарту.
Сонымен қатар, іс-шаралар бойынша денсаулық сақтау саласының жұмысын бағалайтын 36 индикаторлық көрсеткіш бекітілген.
Жалпы өлім-жітімнің себептерінің 52% құрайтын аурулардың 5 негізгі нозологиясы бойынша Жол карталары бекітілді. Соған сәйкес, осы ауруларға көрсетіліп жатқан медициналық көмек сапасы, оның толықтығы және ресурстар жағдайы назарға алынып, жол карталарын жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлініп, 150 дана медициналық құрал-жабдық сатып Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында (БМСК) барлық 5 бағыт бойынша 89 мамандандырылған кабинеттер ашылды.
Ал ауыр экстрагенитальді аурулармен босанғандар мен жарақаттанғандар, инсульт алған науқастарға оңалту жұмыстарын жүргізу мақсатында реабилитациялық және қайта қалпына келтіру бөлімшелері пайдалануға беріліп, барлық аудандық ауруханаларда ауданаралық травматологиялық бөлімшелерді медициналық құрал жабдықтармен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Қатерлі ісікке шалдыққан ауыр науқастардың өмірін ұзарту, күтуге бағытталған паллиативтік көмек көрсету үшін онкология орталығында 30 төсекке паллиативтік бөлімше ашылып (хоспис) және аудандық ауруханаларда арнайы 35 төсек–орын бөлінді.
Өңіріміздегі кадрлар жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттырудың 2016-2018 жылдарға арналған 3 жылдық перспективті жоспары бекітіліп отыр. Кадрларды оқыту, қайта даярлау және біліктілігін жетілдіру үшін облыс бюджетінен 60 млн.теңге бөлінді. Соңғы екі жыл қатарынан облыс үшін қажетті мамандарды резидентураға дайындау мақсатында облыс әкімінің 20 гранты бөлінді. Қазір 22 резидент грантқа түсті.
Осы жылы дәрігерлік аймақтағы халық санын 2200-ден 1800-ге дейін төмендетіліп, 2019 жылға 1500-ға дейін кезең – кезеңімен азайту жоспарлануда. Биыл жаңадан 33 жалпы дәрігерлік аймақ ашылды.
Денсаулық сақтау саласын медициналық ақпараттық жүйемен қамту бағытында да жүйелі жұмыс бар.
Электронды денсаулық сақтауды дамыту концепциясына сәйкес, медициналық ұйымдардың IT-инфрақұрылымдарын жақсарту жүзеге асырылуда.
Қызылорда облысының барлық аумағында 22 республикалық ақпараттық жүйе енгізілген және жұмыс істеуде.
Ағымдағы жылы мыңнан аса компьютерлік техника алынды . Қазіргі таңда сала бойынша компьютерлік техникамен жабдықталу 75,2 пайызды құрап отыр.
Осы ай ортасында Жаңақорған аудандық емханасы, Қазалы аудандық орталық ауруханасы, 11 медициналық бекет қолданысқа беріледі.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңбері аясында 400 келушіге арналған №2 қалалық емхана ашылады және осы бағытта 4 дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда.