«ДЕНСАУЛЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ ӨЛІМ-ЖІТІМДІ АЗАЙТТЫ
«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытында қатерлі ісіктер; жарақаттар; жүкті әйелдер мен перинаталдық кезеңнің патологиялары бойынша аурушандық, осы сырқаттарға көрсетіліп жатқан медициналық көмек сапасы, оның толықтығы және ресурстар жағдайы бағаланып, жол карталары бекітілді.
Ол үшін облыстық бюджеттен 1,7 млрд. теңге шамасында қаржы бөлініп, 150 медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Сондай-ақ, 1- деңгейдегі бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында (БМСК) барлық 5 бағыт бойынша 89 мамандандырылған кабинет ашылды.
Бұған қоса 2-деңгейде - ауыр экстрагенитальді аурулармен босанғандар мен жарақаттанғандарға, инсульт алған науқастарға оңалту жұмыстарын жүргізу мақсатында реабилитациялық және қайта қалпына келтіру бөлімшелері ашылды. Барлық аудандық ауруханаларда ауданаралық травматологиялық бөлімшелерді медициналық құрал- жабдықтармен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Қатерлі ісікке шалдыққан ауыр науқастардың өмірін ұзарту, күтуге бағытталған паллиативтік көмек көрсету үшін онкология орталығында 30 төсекке паллиативтік бөлімше ашылып (хоспис) және 7 аудандық ауруханаларда арнайы 35 төсек-орын бөлінді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде, 9 айда жіті миокард инфарктінде аурушандық көрсеткіші 8,7 пайызға төмендеді.