МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДСАҚТАНДЫРУҒА 78 ҰЙЫМ ТІРКЕЛДІ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» - Ұлт Жоспарының 80-қадамында айтылғандай, еліміздің денсаулық сақтау саласының қызметі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі негізінде іске асырылып жатыр. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Абылайхан Рахымов жан-жақты айтып берді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Бас сарапшының айтуынша, халық денсаулығын жақсарту мақсатында енгізіліп жатқан реформалардың барлығы сала жұмысында өз нәтижесін беріп келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ (әрі қарай Қор) құрылды. 2017 жылдың маусым айында осы аталған қордың филиалдары еліміздің әрбір облыстарында ресми түрде ашылды және де шілде айынан бастап жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер және азаматтық құқықтық шарт арқылы жұмыс атқаратындардан аударымдар мен жарналар тұрақты аударылып отыр.
«Қазіргі таңда қордың жұмысы ІІІ кезеңмен атқарылып жатыр.
І кезең - тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқоры қалыптастырылды. Аталған дерекқорға 2018 жылы медициналық көмек көрсететін ұйым өзінің өтінімі арқылы тіркелді. Осыған сәйкес қазіргі кезде Қызылорда облысы бойынша 78 медициналық ұйым тіркелді, оның 34 мемлекеттік негізде, ал 44 жеке медициналық көмек көрсететін ұйымдар.
Ал ІІ кезең - «Тұрғындарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркеу» 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жүргізілді. Бұл аралықта халық өз өтінішімен таңдаған емханасына барып тіркеле алды. Емханалық негізде көмек көрсететін дерекқорда тіркелген медициналық ұйымдарда және тұрғындар арасында Қор филиалының мамандарымен бірге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осыған орай шығарылған видеороликтер мен хабарландырулардың барлығы емханалық негізде қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың интернет ресурстары, облыстық телеарналар, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ (халыққа қызмет көрсету орталығы) және облыстық БАҚ құралдары арқылы тұрғындарға жеткізілді.
Сонымен бірге ІІІ кезең бойынша қор ағымдағы жылдың 13 қараша мен 20 қарашасы аралығында Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі қызметтерін берушіні таңдау рәсімін өткізу туралы» өтінімдерді қабылдау жөнінде хабарламасы Қордың fms.kz сайтында және Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының сайтында жарияланды. Дерекқорға тіркелген 68 медициналық ұйым нақтыланған құжаттары арқылы өз өтінімдерін берді. Осы уақытта комиссия мүшелері Қор филиалына түскен өтінімдерді желтоқсан айының ортасына дейін қарайды. Медицина ұйымдарын бірнеше көрсеткіш бойынша бағалау жоспарланып отыр. Олардың арасында кадрлар құрамы мен материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі, соңғы 3 жылда атқарған қызметіне қатысты негізгі көрсеткіштер, расталған, негізі бар шағымдар бар. Қарау нәтижесінде қандай медицина ұйымдарының тиісті деңгейде қызмет көрсете алатыны анықталады.