Бітіруші түлектердің 72 пайызы ҰбТ-ға қатысады
Kyzylorda-News.kz. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова баяндады.
«Жалпы ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізудің форматы өзгеріссіз. Былтырғы жылдағыдай түлектер 5 пән бойынша 120 сұрақтан тұратын тест тапсырып, ең жоғары 140 балл жинауға мүмкіндіктері болады. Педагогикалық мамандықтар бойынша білім грантын тағайындау байқауына қатысу үшін шекті балл 60 балл болды. Медициналық мамандықтарды таңдаған бітірушілер арнайы медициналық-психологогиялық тест тапсыратын болады. Ағымдығы жылы 176 мамандықтар бейініне қарай 97 білім беру бағдарламалар тобына біріктірілді. Бұл бітірушілердің мамандықты таңдау мүмкіндігін арттырады деген ойдамын»,- деді М. Мелдебекова.
Биылғы жылы облыс бойынша 5754 мектеп бітіруші тіркелді, оның 4143-і 72 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 пайызға көбейген.
Мектеп бітірушілердің 4,5 мыңнан астамы жоғары оқу орындарына, ал 1000-ы орта арнаулы оқу орындарына түседі деп жоспарлануда. Ресей Федерациясындағы 4 жоғары оқу орнына түсуге 498 бітіруші емтихан тапсырды.