АЛПЫС ЖЫЛДАН СОҢ ИЕСІН ТАПҚАН БІЛЕЗІК
«Аманатқа қиянат жасауға болмайды». Бұл ата-бабамыздың ғасырлар бойғы ұстанымы. Иә, дана халқымыз аманатқа әу бастан үлкен мән берген. Бабалар айтқан осы сөздің ақиқат екендігіне жуырда тағы бір мәрте көзім жетті.
Демалыс күндердің бірінде ағайын-туыстың халін білмекке Байқоңыр қаласына жолға шыққан едім. Талай тағдырларды тоғыстырған тоғыз жолдың торабында жасы жігіт ағасына жақындаған Әлқожа есімді кісімен сапарлас болдым. Ру, жер, жөн сұрасып әңгімелесіп отырып жолсерік аға мына бір оқиғаны баяндап берді.
– Менің анам Аралдың Қасқақұлан деген жерінде туып-өскен. Ол кезде 20 жасар балғын қыз кезі екен. Бір күні бұлақ басында құрбы қыздарымен ойын-сауық құрып жүріп, әжесі сыйға тартқан күміс білезікті жоғалтып алады. Тастың үстіне шешіп қойған жерінен таба алмаған анамның есіне сол маңнан өтіп бара жатқан жас келіншек алмады ма екен деген ой келеді. Бірақ біреуді нақақ кінәлауға ұялған анам сол тұста бағалы бұйымды жоғалтқаны үшін анасынан сазайын алыпты. Арада жылдар өтіп, аумалы-төкпелі заман басталған шақта анам Қазалының жігітіне, яғни әкеме тұрмысқа шығып кетеді. Білезік оқиғасы біртіндеп ұмыт бола бастайды. Осыдан 6 жыл бұрын анам 80 жасқа толған шағында үйге бейтаныс екі жігіт келді. Нақтысын айтсам олар анама баяғыда жоғалтқан білезігін әкеліп берді. Сөйтсек, сол кездері анамның білезігін әлгі келген жігіттердің әжесі, күмәнданған келіншек ұрлап алған көрінеді. Жылдар өте ажал таяған шақта кейуана ұрпақтарын жинап алып: «Мен жас күнімде дүние көзімді байлап, Ару есімді қыздың білезігін ұрлап алған едім. Сол сәттен бастап ар-ұятым маған маза бермей, осы күнәмнің сазайын тартумен келемін. Енді сендерге айтарым, білезікті тірі болса Арудың өзіне, болмаса ұрпақтарына қайтарып беруді аманат етемін» – деп соңғы сөзін айтқан екен.
Кемпір бақилық болғаннан кейін, аманат арқалаған ұрпақтары әжелерінің сілтеуімен сонау Қарақалпақстаннан Аралға ат басын бұрады. Анда-мұнда сабылып, мұрағаттарды қазбалап анамды 2 жылға тарта уақыт іздестіріп, ақыры тауып келген жігіттер әлгі әжейдің шөберелері болып шықты. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құнды білезігінің 60 жылдан соң табылғанына қуанған анам жігіттерге шапан жауып, құдайы қонақ қылып, ризашылығын білдірді.
Міне, содан беріде 6 жыл уақыт өтті. Қазір анам 86 жаста. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 32 немере мен 48 шөберенің қызығына бөленіп отырған бақытты әже, – деп әңгімесін аяқтады Әлқожа аға.
Бұл оқиға маған қатты әсер етті. Біз қу дүние деп өмірде біліп те, білмей де күнәлі іс қылып жатамыз. Кейде көзіміз жетпей жатып өзгелерді айыптауға бейім тұрамыз. Хакім Абай айтқан бес асыл іс – ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр, талап екендігін естен шығармай, адалдықпен дүние жисақ, «жанның жақұты» деген осы емес пе?..
Назерке БАХРАДИН,
Арал ауданы