Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » » ҚАШҚЫН МОМЫННЫҢ ХИКАЯСЫ

ҚАШҚЫН МОМЫННЫҢ ХИКАЯСЫ



   Қазақ даласында екінші дүниежүзілік соғыс қасіретін тартпаған бірде-бір әулет, бірде-бір отбасы жоқ. Соғыс өрті тұтанғанда ер-азамат атаулы майданға аттанды. Сол есіл ерлердің, арманда боздақтардың  көбісінің денесі майдан даласында мәңгілікке қалды. Жарымжан, мүгедек болып қайтқандары қаншама? Ұрыс кезінде қапыда жау қолына тұтқынға түсіп, пұшайман болғандардың тағдыры тіпті ауыр болды. Тұтқыннан босанып елге аман оралғанмен қауіпсіздік қызметінің тұзағынан құтыла алмай жазаланып жатты. Олар, әрине, жазықсыз жазаланған жандар. Әйтсе де кешегі соғыс кезінде жасаған қылмысы ақтауға келмейтін, соған лайық әділ жазасын алған адамдар шоғыры болғанын  кейінгі ұрпақ біле бермейді. Біз сондай бір азаматтың қызғылықты тағдыры туралы қызылордалық ардагер Төребек Тәуекеловтың өз аузынан естіген әңгімесі бойынша баяндауды жөн көрдік.
Момын Қуандықов 1900 жылы бұрынғы Тереңөзек ауданының Мыңшоқы деген жерде дүниеге келген. Әкесі Қуандық ұста әрі аңшы болған. Қолындағы азғантай малымен Қарақұмды, Арысқұмды жайлаған көрінеді. Кейін Қаратөбе колхозы ұйымдастырылғанда оған мүше болып кіреді. Момын әкесі секілді ұсталықты меңгереді. Қарақұмды жайлап жүрген кезінде Қарақұм көтерісшілеріне қару-жарақ жасауға көмектескен адам. Оның жас кезінде үйіне қайын жұртынан қонақтан қайтып келе жатқан жолда атақты мерген әрі батыр Кейкі түстенеді. Сол жолы Момын Кейкіге «Аға, сізді ел қол мерген дейді. Бізге сол өнеріңізді көрсетіңізші» деп қолқа салады. Сонда Амангелді батырдың серігі болған мерген «әй балалар, қоймадыңдар ғой» деп жан-жағына қарайды. Дәл сол кезде аспанда бір топ қаз ұшып бара жатады. Кейкі мылтығын көтергені сол, қаздың соңғысы жерге томп етіп құлайды. Жұрт барып көрсе қаздың артына тиген оқ мойнынан шығып кетіпті. Дәл сол кезде биік төбенің баурайында бір топ киік жатыр екен. Ішінде тік тұрған жалғыз текені көрсеткен Момын соны атып беруін сұрайды. Мерген оғынан теке төрт аяқтап құлап түскен сәтте қасында жатқан ешкі де аяғын сермеп қалып аунап түседі. Кейкі жан-жағына, қарап «Текені мен аттым, ешкіні атқан кім?» деп сұрайды. «Мен едім, деп Момын жауап қайтарады». Әйгілі мерген сонда Момынға: «Бала, жатқан аңды атушы болма, тұрғызып барып ат, әйтпесе обал болады» деп ақыл айтыпты.
  Соғыс басталғанда ағайынды Қуандық пен Әбіштің үйінен екі азамат әскерге алынады. Онан кейінгі тізімге іліккендер Момын мен Мәмбет еді. Момын әскерге барудан бас тартып, Қарақалпақ жағына көшіп кетеді. Ол жақта өзі сияқты қашқындарды кезіктіріп, олардың басын біріктіріп топ құрады.
Қашқындарды ұстауға НКВД адамдары шығады. Момын бастаған топ қуғыншыларды бұрын байқап, шөлге бет бұрып, жалтарып құтылып кеткен. Осылай қудалай берген соң бұлар Қарақұм, Арысқұм жаққа ауып, осы жақта соғыстан қашқандармен табысып, жасақ құрады. Бұл жасаққа да басшылық жасаушы Момынның өзі. Бандылар ұстахана құрып, жақсы қаруланады. Бас ұста Момын, көмекшісі – тереңөзектік Әбдіғаппар деген кісі болған.
Қуғыншылардан қорғану үшін олар кезектесіп қарауылға тұрады. Кезекші жатақтан бір шақырымдай жерде тұрып, бақылаушыларына белгі беріп отыратын болған. Белгіні жатақтан дүрбі салып тұрған адамның көзіне айнамен күн сәулесін түсіру арқылы берген көрінеді. Бұлтты күні кезекші тұрған жерінде бес рет шеңбер жасап айналса қауіп барын, он рет айналса тыныштық екенін сездірткен.
Қашқындар күнкөріс үшін аңшылықпен айналысады. Алған аңдарының терілерін дайындау мекемесінің адамдарына ұн, қант, шәй секілді азық-түлікке айырбастап отырған. Бұл мақсатта олар тек екі адаммен ғана байланыс орнатады. Оның бірі Момынға ағайын болып келетін Қызылордалық – Жәрмен, екіншісі – Жезқазған жақтың Әбен деген дайындаушысы. Бұлар қашқындарға азық жеткізіп беруден бөлек, қуғыншылар шыққанын да хабарлап тұрған.
  Момын бір жолы қалың шидің арасынан киізге оралып жасырылған винтовка тауып алады. Жасырған адам тот баспасын деп ұңғысына жылқының майын құйып қойған көрінеді. Тауып алған қарудың ұңғысына балғамен қосымша ойық жасап, оқтың шамадан тыс қашыққа жетуіне қол жеткізеді. Бірде Жаппасбай деген серігі екеуі аң аулап жүріп, алыстан оншақты әскермен бір жолбасшыны байқайды. Қашқындар сайға тығылады. Солдаттар бұларды көріп қойса керек. Биіктен сайға түсуге екі солдат беттейді. Біріншісінің отырған ерінің басын Момын көздеп атып, оны атымен қоса құлатады. Екіншісінің аты Жаппасбайдың оғынан өледі. Түні бойы қашқындар мен қуғыншылар бірін-бірі аңдысып жатады. Сол түні қашқындардың өздерімен бірге болған аты мен түйесі бірдеңеден үркіп шығады. Бұл жағдай Момындарды уайымға салады. Таңертең қараса қалың шидің арасында қасқырдың күшіктері жатыр екен. Бұлар күшіктерді өлтіріп, қапқа салып, қуғыншылардан аман-есен құтылып, жатақтарына жетеді. «Сонда бір қорыққаным-ай» деп кейін Момын айтып жүріпті.
   Бірде оның қайнағасы Иса деген кісіні НКВД қашқындарға жібереді. Күйеу балаң бастаған топты үкіметке берілуге көндір деп тапсырма береді. Өз еріктерімен берілген жағдайда жазалары жеңілденетінін айтады. Бандылар өздеріне келе жатқан Иса мен қауіпсіздік қызметкерлерін дүрбімен алыстан байқайды. Олар жақындағанда Момын винтовкасымен көздеп атып НКВД агентінің бас киімін, Исаның құранды ерінің басын оқпен ұшырып түсіріпті. Көрініп тұрған адам жоқ, бізге атылған оқ келген іздеріңмен кейін қайтыңдар деген белгі ғой деп ойлаған елшілер кері қайтуға мәжбүр болады.
Тағы бірде бұларды іздеп шыққан он бес шақты әскердің аттарын атып өлтіріп, оларды кейін қайтуға мәжбүр еткен. Олардың артынан аңдыса біреуі бұлаққа жетпей шөлдеп өлгенін, қалғандары аман кеткенін біледі. Үнемі қауіп – қатерде өмір сүруге болмас деп Момын бастаған топ ауған жеріне кетуге бел байлайды. Бұлар артық қару-жарақтарын, ұстахана саймандарын әр жерге шұңқыр қазып жасырады. Жолға аттанар алдында Момын бұған дейін даладан тауып асырап жүрген екі жетім баланы Жезқазғандағы досына апарып тапсырады. Оларды өз балаңдай тәрбиелеп өсір деп өтініш айтады.
Ауған еліне аттанған топ Әмударияның тасып жатқан кезіне тап болып біраз бөгеледі. Сол кезде соғыс біткенін естиді. Бұлар ойласа келе ешқайда кетпей үкіметке берілу туралы шешімге келеді. Қызылордаға жақындағанда алдарынан шыққан НКВД адамдарына кездесіп, қару-жарақтарын тапсырады. Сонда отряд командирі Момынға «Сені жақсы мерген дейді, қанеки, көрсетші өнеріңді, – деп наганын ұсынады. Қашқындардың басшысы өзінің винтовкасын сұрап алып, қамысты офицер көсеткен жерден оқпен қиып түсірген екен.
Сот үкімімен он жылға сотталып, Алматы түрмесінде болған Момын 1954 жылы жаза мерзімін өтеп, еліне оралады. Елге келгеннен кейін біраз күн өткен соң машинамен бірнеше адам келіп, «бізбен бірге жүресіз» деп алып кетеді. Отбасымен енді табысқанда қайта алып кетті ғой деп жұрт аяушылық білдіреді. Екі айдан кейін әлгі адамдар оны үйіне қайта әкеп тастайды. Сөйтсе, олар Жаңадарияның ескі арнасын картаға түсіру үшін Момынды жолбасшылыққа алған екен.
  Елге қосылған бұрынғы қашқын колхоздың жылқысын бағады. Сұрастыра жүріп, өзіне мінуге жарайды деген атты колхоз бастығы орынбасарынан қалап алады. Сол аттың көмегімен және қақпан салуымен бір жылда 55 қасқыр алыпты. Атты үйреткені сондай қашқан қасқырды қуып жетіп, алдыңғы екі аяғымен тарпып өлтіреді екен. Жылқыда жүрген Момын баяғы қашқын кезінде тығып кеткен дүниелерінің біразын тауып алады. Әйтсе де, мылтық жасайтын ең негізгі саймандарын таба алмайды. Ол жерлерді құм басып кеткен еді. Сол жылы Қарақұмдағы қойшыларға Райпотребсоюздан азық-түлік келмей қалған болатын. Сонда қойшылар Момын аулаған киік етімен және қой сүтімен амалдайды. Ұнсыз тамақ жей берсе адамның іші кебеді. Соны ойлаған Момын жылқысын біреуге тапсыра тұрады. Аң терілерін үш түйеге артып, қасына он алты жастағы ұлы Ерқанды ертіп Жезқазғанға тартады. Ол жақтан баяғы екі жетім баланы іздеп табады. Екеуі де жақсы қызметтер атқарады екен. Солардың көмегімен алған ұнды қойшыларға жеткізіп, теңдей бөліп береді.
 Тереңөзек ауданында Октябрь мерекесінің 40 жылдығы тойланып жатады. Сонда теңге ату жарысы болады. Оған ешкім тигізе алмапты. Жиылған жұрт «Абай колхозы атынан Момын шықсын» деп айқайласады. Кәнігі аңшы атып қалғанда жіп теңселіп кетеді де тұра береді. Төреші барып тексерсе оқ теңгенің дәл ортасынан тесіп өткен екен. Сол жолы Момын үлкен сыйлық алып, аудандық газетке шығады.
Момын ақсақал жылқыдан шыққаннан кейін де аңшылық кәсібін жалғастыра берген. Соғыстан қашқан, бандыны басқарған Момынның соғысқа дейін туған екі баласына сотталып келгеннен кейін туған екі бала қосылады. Олардың бәрінен немере сүйіп, үрім-бұтақ жайып дүниеден өткен еді.
Ол кісі жаратылысынан түсі сұсты, көзі өткір, қараған адамының көзін тайдырмай қоймайтын жан болатын. Қою қара мұрты өзіне жарасып тұратын болған. Көп сөйлемейді екен. Адамы кездесіп шешілмесе әңгімеге жоқ еді дейді көргендер. Басынан кешкен хикаяларын тек Іскендір деген ағасына ғана айтып береді. Оны немересі Амандық ойына сақтап қалған. Мен соны көпшілікке жеткізгенді мақұл көрдім.
– Ақсақалымыздың хикаяларын жазбастан бұрын ҰҚК мұрағатына сұрау салып, Момын Қуандықов туралы деректер алдым, – дейді Т.Тәуекелов. – Олардың берген анықтамасында М.Қуандықов әскерге шақырудан бас тартып, қаруланған қылмыстық топ басшысы ретінде оперативтік топқа қарулы қарсылық көрсеткені үшін 10 жылға сотталған деп көрсетілген. Өкініштісі, оның қылмысы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңына сәйкес ақтауға жатпайтыны айтылады.
...Біз білетін Момынның хикаясы осындай еді.

Жазып алған Ж.ӘЛМАХАН

28 наурыз 2018 ж. 1 227 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области