ҚҰРСАҚ ШАШУ
Ұрпақ қамын ойлаған көргенді ене арнайы дастарқан жайып, ауылдағы әйелдерді дәстүрлі қонақтыққа шақырады. Шақырылған әйелдер құрқол келмейді, әрқайсысы өз үйлерінен әртүрлі тағам әкеледі. Ондағы мақсат- келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. Құрсақ шашудың негізге мәні де, мақсаты да осында жатыр. Өйткені бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз жас келіншек бұрын-соңды өзінде болмаған сезім- түйсіктерді басынан кешеді. Көңілінің неменеге соғып тұрғанын, тәбетінің қандай асқа ауатынын дөп басып айта алмай, не екенін анық түсінбей аласұрып қиналады. Осы бір аса жауапты кезеңде ақыл-кеңес айтып, жерігін табуға көмектесіп мейірім таныту сауабы мол қасиетті іс саналады.
Құрсақ тойда жас келін әлгі әйелдер әкелген тағамның бірін сүйсініп жесе, оны әзірлеп әкелген әйел қуанып, мәртебесі асып-ақ қалады екен. Содан келіннің жерігі қанғанша сол дәмді ас иесі жасап беріп қамқор болады. Алда-жалда бір реткі құрсақ шашу кезінде келіннің аңсары табылмаған жағдайда бәрібір іздеуді тоқтатпайды. Қалайда ретін келтіруге әрекет етіледі. Бұған тек әйелдер ғана емес, келіншектің қайнылары, күйеуінің құрбы-құрдас, дос-жарандары да қолғабыс етеді. Жабайы аңның, құстың еті, балық секілді әуес дәмдерді тауып әкеліп, жәрдем жасайды. Осы жерде айта кететін бір тыйым- аяғы ауыр әйелдің жұбайы аң атпайды, тұзақ құрмайды, қармақ салмайды, яғни жандыға әдейілеп зиянын тигізбейді. Іштегі балаға кесір болады дейді.
Жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы мүмкін. Ол болашақ ананың өз қалауына, өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпиялы құбылыс. Күні бүгінге дейін сақталған ел ішіндегі аңыз-әңгіме, жыр-дастандарда жолбарыстың жүрегіне, қабыланның, аюдың, ұлардың, сұңқардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін ержүрек батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы айтылады. Мысалы, аруақты батыр Жалаңтөс бабамыздың анасы Ақтұмар жарықтық көкжал қасқырдың төс етіне жерік болған дейді. Сол секілді Шапырашты батырдың анасы Жұпар шешеміз де арланның бауырын шикідей жеп жерігін қандырған екен деп әліге дейін аңыз етеді. Әрине, аңыз тарих, дәлел емес, алайда, аңыздың түбінде шындық жатады.
Сонымен, құрсақ шашу болашақ ана мен өмірге келер нәрестенің қамын ерте ойлаған тілегі тұнық, ниеті ақ, мазмұны терең салиқалы дәстүр. Сан ғасырлар бойы сыннан өткен, ел өміріне өнеге болып керегіне жараған ұлағатты рухани мұра. Аналарымыз басынан өткізген жөн- жоба.
Алайда біреуі байлықпен үдеп, біреуі жоқшылықтан жүдеп, теңсіздік тереңдеп бара жатқан мына заманда, қалталылар ақша шашып, «айға түкіріп» көңіл көтерудің тағы бір түрін шығарыпты. Үлкен мейрамханаларға жүздеп қонақ шақырып, атақты- атақсыз «жұлдыз» әншілерді тұмсығынан тізе кезекке қойып, тамақ пен ішімдікке үстелді майыстыра сықап, өңештері талғанша тост сөйлеп, аяғы талып, тізесі бүгілгенше селкілдеп билеп, «құрсақ шашу» тойын жасайтын болыпты. Аты бар да, заты жоқ даңғазаның құрсақ шашуға не қатысы бар екенін ұқсам не дейсіз. Жаман дерт қашанда жұқпалы, күні ертең жаппай үрдіске айналып кетпесіне кім кепіл? Ол да мүмкін.
Біз тым еліктегішпіз, елпілдек, қызарғанға қызыға жалп ететін, «анау сөйтіпті, мен неге бүйтпеймін» деп кеуде қағып шыға келетін тыраш, мақтаншақтығымыз жетіп- артылады. Негізге мән- мағынасынан жұрдай, көрсетер үлгісі, берер тәлімі жоқ мұндай даңғаза тойлар жастарға не береді? Онсыз да бірі- Шығысқа, бірі- Батысқа табынып еліктеп, ұлттық құндылықтарға мұрынын шүйіріп жүрген талай жасты одан ары адастырамыз ғой. Әркім өз қалауынша ата-бабаның сапалы да салауатты салт- дәстүр, әдет- ғұрпын белден басып өзгерте берсе, қазақтың онсыз да жұлмаланып жатқан ұлттық бет- бейнесінен не қалады? Шөре-шөресі шығып құрдымға кетпей ме? Әлдекімдерге мүмкін сол керек шығар? Кім білсін.
Ұлттың ұлт болып жеке атауға ие болатын халық ретінде сақталуы оның тіліне, діліне, өзіне тән ата дәстүр, әдет-ғұрыптарына тікелей байланысты екені бұрыннан бері белгілі ақиқат екенін неге ұмыта береміз, әлде қазақ болудан жалықтық па....
/жалғасы бар/.
Ескерту: Біз Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» атты кітабын үзінді күйінде бере бастадық. Өйткені, бұл кітапта халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарының мағынасы жас ұрпаққа кеңінен түсіндіріледі. Осы арқылы бұрынғы жақсы мен бүгінгі жаңаны ұштастырып, ұлттық болмыстан айнымай, қазақы тәлім-тәрбиенің мәнін ұғындырады.
Кітапта құрсақ шашудан бастап, баланың алғашқы мүшеліне дейінгі аралықта салт-дәстүр, жөн-жоралғылар барынша қамтылған.