Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » » АҚСҮЙЕК (ӘҢГІМЕ)

АҚСҮЙЕК (ӘҢГІМЕ)


Итімді сағындым.
Үнемі осы. Көңіл-күйім болмаған кездеитімді іздеймін. Біртүрлі. Мені сол ғана түсінетін сияқты...

...Бала күнімде, бауырын көтеріп, көзін енді ашқан кезінде асырап алып ем.
– Бұл әлгі ақсүйек иттердің тұқымы ғой. Бойы бір қарыс, биік үйлердің балконынан қарап тұратын – деп еді көршім. Күлдім де қойдым. Тағы бір досым:
– Аяғы маймақ, жымық құлағы тым кішкентай, көзі бақырайған – бұл алабай мен әлдебір басқа пароданың араласқан түрі – деді.
– Болса ше? Иттер көрмесіне апарғалы жатқам жоқ...
Ең бастысы, оны үйде қалдыруға анам келісті. Дегенмен, тамақ беру менің мойнымда. Тілектес деген атты да өзім қойдым. Жұрттың бәрі оның таза тұқымнан емес екенін айтса да, ақылды ит екеніне ешкім таласпаған. Қораның бір бұрышынан жайлы орын тапты. Үйдің айналасы анық көрінетін, әрі елеусіз жерге жайғасыпты.
Тілектес жоқ жерден аяққа оралмайтын. Бірақ жанымнан бір елі қалған емес. Қыдыруды жақсы көрсе де, менсіз үйден ұзамайтын. Қонаққа көп келетін көршінің мысығымен де тату болды. Мысық әуелде жатырқағанмен, бертін келе екеуі шарбақта қуыспақ ойнауға көшкен. Көбіне Тілектес озып шықса да, қу мысық ағаш басына шығып кететін де, тартыс тең аяқталып жүрді. Бір сөзбен, күшік келе сала барлығымен бейбіт қарым-қатынас орнатты. Бірақ  менімен ғана дос еді...
 
ІІ
 Бірде қаладан ағам қонаққа келген.
Оның келуі шағын мерекеге ұқсайтын. Мен үшін, әрине. Ал шешем оған ұрысар еді:
– Осы үйдің адамы емес сияқтысың! Неге келдің? Ақшаң таусылған шығар...
Ағам мән бермейтін. Дорбасын тастай салып, үлкен үйдегі шалға сәлем беруге кетеді. Көзін ала бере ақтаруға кірісем. Ол үнемі кітап арқалап жүретін. Оқып бітіргенін үйге әкеліп тастайды. Нағыз қызық кешке басталады. Шешемнің тілімен айтқанда ағам «малын түгендеуге» кірісетін. Малы – мыңға жуық кітабы. Бір-екеуінің есебі жоқ екені анықтала қалса, айғайдың көкесі басталатын. Ағам бір қарағаннан қай кітап қолды болғанын да айтып беретін.
Ол бала күнінен бірбеткей еді. Сол үшін қанша таяқ жесе де, өз дегенін ғана жасады. Үйдің үлкендері «кітаптарыңды өртеймін» деп қана қорқыта алатын. Содан мектепті бітіріп те үлгермей қалаға кетті. Соңғы кездері ауылға келуді тым сиреткен.
Көп сөзге жоқ әкем маған қарап:
–  Анау қаланың қаңғыбас итіне өзіңнің ақсүйек итіңді таныстырмайсың ба? – деді.
Ағам аң-таң. Бірақ Тілектес ағамды да жатырқаған жоқ. Құйрығын бұлғаңдатып, танысқаныма қуаныштымын дегендей қылды.
– Біз бәріміз ит сияқтымыз, – деді ағам. – Бәрін түсінеміз. Тек айта алмаймыз. Айтқанымыз да ойдағыдай шықпайды.
Мен түк ұқпадым. Жалпы ағам біртүрлі қияли болатын.
– Егер күшігің шынымен ақсүйек тұқымнан болса, оған тегіне сай ат қой, - деді тағы.
– Қалай сонда?
– Сен күшікті Рахым шалдың иті күшіктеген кезде алдың ба?
– Я...
– Олай болса, сенің итіңнің аты Тілектес Рахимович болсын. Білуші мең? Орыстар дворяндарды әкесінің атымен қоса айтатын болған, - деді күліп.
 
ІІІ
 Әлі ғашық болып көрмеппін. Бірақ сол кездері бір қыз қатты ұнайтын. Бой-сойы келісті, тәп-тәуір-ақ қыз. Бет-әлпетінде есте қаларлық ештеңе жоқ-тын. Тек көзі тұздай еді. Әжесі орыс. Өзі басқа қыздарға да көп қосылмайды. Әйтеуір өз ойы өзінде.
Бірде сабақтан шыққам. Мектеп ауласының сыртынан Тілектес күтіп алды. Екеуміз қызды үйіне шығарып салмақ болғанбыз. Ол кенет кітап мұқабасындағы ақынның ескерткішін көрсетіп:
– Неткен ұсқынсыз! – деді.
– Ағамның кітабы ғой.
– Бүйткенше неге көктеген ағаштардың ең әдемісіне ескерткіш қоймаған?
– Болмаса, менің итім сияқты ақсүйек төртаяқтының біріне – дедім мен.
– Жоқ! Иттер аянышты. Ал мысықтарға қойса болады.
– Неге?
– Өйткені мысықтар өзінше. Қалаған жеріне барады. Өз бетінше жүреді.
Шамданып қалдым. Итім сәл еркелеткенімнің өзіне разы. Мысыққа не жақсылық жасасаң да риза болғанын білдірмейді де! Қызды қанша ұнатсам да, осы сөзін кешіре алмағам. Тілектес те, «мен не жаздым?» дегендей оған өкпелей қарады да, теріс бұрылды.
Негізінде, адамның қандай екенін тілсіз мақұлық атаулыға деген қарым-қатынасынан тануға болатын сияқты. Ағам да, біздің тілсіз мақұлықтан артық жеріміз шамалы екенін айтқысы келген шығар? Кейін ұққаным, адамның көзінен көңіліндегісін оқу мүмкін бола бермейтіні. Ал итім көзқарасымен-ақ көп нәрсе айта алатын. Адалдығын сездіретін.
 
ІҮ
 
Қазаққа иттің қадір-қасиетін бағалауды үйретіп қажеті жоқ екенін білеміз. Әрі, бүгінгі күні төрт жүзге тарта иттің пародасы кездесетін болса, соның ішінде Тілектес ең бір дүбарасы болатын. Не төбетке, не тазыға қатысы жоқ. Оны ақсүйек дейтінімнің себебі басқада еді. Иттердің арасында ірісі де, күштісі де бар, бірақ мінез-құлығы осындай ит өте сирек кездесетін. Қайсар, адам баласына адал. Абзал ит.
Кейін қалаға оқуға кеттім де, араға алты ай салып ауылға келгем. Арсалаңдап алдымнан шықты. Адамша қуанатын еді. Бір аптадан соң қалаға қайтқалы жатқанымда, жылап шығарып салған. Кәдімгідей, көзіне жас толып. Біраз күннен соң Тілектес жоғалып кетті деген хабар жетті. Кейінірек білдім, көршім тауығымды қырып салды деп аттырып тастапты. Мен бар кезде атап шақырмасаң итаяғындағы тамаққа да көз салмайтын. Талғап жейтін. Тіпті, ет пен балықтың өзін шикілей жемес еді. Әкемнің айтуынша, ит атаулы бір мәрте қанның дәмін алса, тыныш жата алмайтын көрінеді. Көршінің тауығына да содан өшіккен шығар?
Бір заманда Сарайшықтан адамша жерлен иттер табылыпты деуші еді ғой. Бір өкініштісі, Тілектестің денесін айдалаға сүйреп апарып тастапты. Адамша жерлемесем де, құрт-құмырсқаға жем қылмай көміп тастар ем...
Кейде ойлаймын: Ит иесінің орнында болса, иесін атуға жол берер ме еді?
Би ШАҒЫР,
Қызылорда қаласы
08 шілде 2018 ж. 1 132 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области