АЙМАҚТА АСЫЛТҰҚЫМДЫ МАЛ БАСЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Қызылорда облысында «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары арқылы шаруашылықтар ет өнімдерін экспорттауды ұлғайтты, деп хабарлайды 24 kz телеарнасы.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында Қармақшы ауданында «Ордабасы» қойы бағылып жатыр. Түліктердің әрқайсысы шамамен 40-50 келі таза ет береді екен. Асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтағы әр түлік басына субсидия төленеді.
- Біз 2015 жылы мал шаруашылығымен айналысуды бастадық. 712 баспен бастағанбыз, қазір 1800 бас бар. Болашақта 3-4 мың басқа көбейтуді, ет өндіруді жоспарлап отырмыз, – дейді фермер Қанағат Рүстемов.
Жалпы, былтыр аймақта мал шаруашылығы бағытындағы 672 қожалық субсидияланды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2 млрд теңгедей қаржы бөлінді. Нәтижесінде облыста төрт түліктің көбейгені байқалады. Мәселен, уақ мал – 5,5 пайызға, мүйізді ірі қара – 6 пайызға, жылқы 17 пайызға артты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Арыстанбек Омаровтың айтуынша аймақта «Сыбаға» бағдарламасы сиыр сатып алу 109, қой алу 160, Қамбар ата тұқымын көбейту 125 пайызға орындалған.
Сондай-ақ, өткен жылы Сыр өңірі аусылдан айыққан аймақтар қатарына қосылды. Осылайша еліміздің 4 облысымен бірге Қызылорда өңірі де буферлік шектеудің шеңберінен шықты. Демек ет экспортына жол ашық. Әзірге аймақтан Иран мен Біріккен Араб Әмірлігіне 2 мың бастай тірі қозы сатылды. Алда талапқа сай ет комбинаттарын ашу жоспарда бар.