ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ Б.САҒЫНТАЕВ ҚЫРҒЫЗ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қырғыз делегациясымен 2017 жылғы 18 қазандағы келіссөздердің қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады.
– Қырғызстан Премьер-Министрі Сапар Исаков бастап келген құрамында 30-ға жуық өкілетті мүшесі бар ресми делегациямен келіссөздер аяқталды,– деді Үкімет басшысы.
ҚР Премьер-министрінің айтуынша бұл сапар қырғыз тарабының бастамасы бойынша телефон арқылы болған әңгіменің қорытындысы негізінде өтті. Келіссөз экономикалық мәселелер бойынша жан-жақты талқылаулармен басталды.
Келіссөзде екіжақты экономикалық байланыстардың өзекті мәселелері талқыланған. Олар екі ел арасындағы шекара және көлік тасымалына, фитосанитарлық, ветеринарлық бақылауға қатысты болды.
Сондай-ақ, ЕАЭО нормаларына сәйкес кеден және салықтық реттеу мәселесі бойынша проблемалық мәселелер қаралды. Мысалы, Қазақстанның кеден органдары Қытайдан Қазақстан аумағы арқылы тауар алып өту барысында қырғыз кәсіпкерлерінің жалған декларация беру фактілерін анықтап отыр. Бұдан біз көптеген шығын шегудеміз.
Қырғыз тарабы қойылып отырған мәселелермен келісті. Қырғыз Премьер-Министрі Қырғызстан тарапынан міндеттемелердің барлығын бұлжытпай орындауға, сондай-ақ Еуразиялық Экономикалық Одақтың экономикалық мүдделерін қорғауға байланысты мәселелердің үйлесімді шешімдерін табуға кепілдік берді.
Екіншіден, келіссөздердің қорытындысы бойынша екі ел премьер-министрлерінің бірінші орынбасарларының төрағалығымен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы алдағы 5 жұмыс күні ішінде бірлескен Жол картасын дайындауы тиіс.
Жол картасы қабылданған соң тараптар келісімдердің толық орындалуын қамтамасыз етуге міндеттеме алады.
Сондай-ақ, қос тарап осы жылғы 19 қазан күні сағат 00:00-ден бастап екі елдің мемлекеттік шекарасын, әсіресе, Қордай бекетінде, кесіп өтудің басым тәртібін қамтамасыз ететін болып келісті.
Келісім бойынша қол жүктерімен өтетін жеке тұлғалар, жолаушылар тасымалдайтын автокөліктер, жеңіл автокөліктер және бос жүк көліктері үшін мемлекеттік шекараны кесіп өтудің басым тәртібі қабылданады.