НЫҒМАТУЛИН ФРАНЦИЯ ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ
Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэні қабылдады, деп хабарлайды BNews.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады. Н.Нығматулин атап өткендей, Франциямен жан-жақты және өзара тиімді байланысты нығайту Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі.
Өткен жылы екі ел арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толса, биылғы жылы Қазақстан мен Франция арасында стратегиялық әріптестік туралы Шартқа қол қойылғанына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде сенімді саяси үнқатысумен қатар, түрлі бағыттарда өзара іс-қимыл табысты дамып келеді.
Мәжіліс Төрағасы Еуроодақ біздің еліміздің маңызды сыртқы саяси және ірі сауда әріптесі екенін алға тарта келіп, алдағы уақытта елдеріміз Қазақстан мен аталған одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісімнің әлеуетін толыққанды пайдалана алатындығына сенім білдірді.
Елбасы белгілеп берген 10 басым бағытты жүзеге асыру аясында Палата спикері франциялық әріптестердің инновациялық технологиялар, цифрландыру саласын заңнамалық қамтамасыз ету тәжірибесінің қызығушылық тудыратынын атап өтті.
Өз кезегінде елші Қазақстан мен Франция тек саяси, стратегиялық қана емес, экономикалық маңызды әріптестер екенін сөз етіп, болашақта екіжақты және көпқырлы, сондай-ақ парламентаралық ықпалдастықты жан-жақты нығайтуға ынталы екенін жеткізді. Сонымен бірге, тараптар ынтымақтастық жөніндегі топтар қызметінің белсенділігін арттыра отырып, тұрақты кездесулер мен іс-сапарлар алмасу арқылы парламентаралық іс-қимылды одан әрі дамытатын болады.