Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығын қорытындылады
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қазақстанның төрағалығы кезінде атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды, хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан ҰҚШҰ-ны беделді әрі тиімді құрылым ретінде қарастырады. Ұйымға мүше мемлекеттердің белсенді жан-жақты қолдауымен ағымдағы жылы Қазақстан өзінің төрағалығы кезіндегі басымдықтарын табысты жүзеге асырды. Қысқаша қорытындысын шығара кетсем. Біріншіден, біз әскери салада ҰҚШҰ-ның біріккен штабын реформалауды жоспарлы түрде аяқтадық. Біздің қауіпсіздігімізге әлеуетті қатерлерді анықтау бойынша мүмкіншілікті кеңейтуге арналған ҰҚШҰ-ның толыққанды дағдарыстық әрекет ету қызметін дайындау аяқталып келеді. Қырғызстан аумағында «Жауынгер бауырластар-2018» оқу-жаттығуы Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштерінің бөлімшелерін және ҰҚШҰ бітімгершілік батольонын тарту арқылы өткізілді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының кеңейтілген отырысында.
Екіншіден, ҚР Президентінің айтуынша, Алматыда өткен Әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі ҰҚШҰ мемлекатаралық комиссиясының отырысында қару-жарақтар мен әскери техникаларды стандарттау жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Аталған кеңестің төрағасы қызметіне Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Юрий Борисов тағайындалды.
«Осыған байланысты біз елдеріміздің қорғаныс кәсіпорындарының өндірістік кооперациясы жандана түседі деп үміттенеміз»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Үшіншіден, Елбасы БҰҰ Бас ассамблеясының 73 сессиясы аясында Қазақстанның терроризмнен азат бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі әмбебап кодекс қабылдау туралы бастамасы жүзеге асырылғанын айтты. Бүгінде аталған кодекске әлемнің 70-тен астам елі қосылып отыр.
«Осы мүмкіншілікті пайдалана отырып біздің бастамамызға қолдау білдірген ҰҚШҰ мүшелеріне ризашылығымды білдіргім келеді», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Төртіншіден, ҚР Президенті заманауи киберқатерге қарсы іс-қимыл саласындағы бірлескен жұмыстың өз жалғасын тауып отырғанын айтты.
«Ағымдағы жылы Астанада компьютерлік инциденттерге шұғыл әрекет ету тиімділігін, үйлесімділігін арттыру үшін ақпараттық өзара іс-қимыл регламенті қабылданды», - деді Елбасы.
Бесіншіден, Мемлекет басшысы есірткінің заңсыз айналымымен күрес мәселесі де ҰҚШҰ-ның тыңғылықты назарында болғанын атап өтті. Өткен кезең ішінде «Арна» атты екі операциясының жүргізілгенін еске салды.
«Бұған қоса, оның аясында Қазақстанның оңтүстігінде «Қызыл бархан» арнасы» халықаралық есірткіге қарсы операция жүргізілді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұған дейін елордада Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы басталғанын хабарлаған едік.